Өткір сезімдері бастан өткергің келсе…

ҚАНДАЙ ЖАНДАР ƏУЕГЕ КӨТЕРІЛУДЕН ҚОРҚУ ТҮГІЛІ, ƏУЕДЕ ТƏУЕКЕЛГЕ БЕЛ БАЙЛАЙДЫ ДЕП ОЙЛАЙСЫЗ? САМҒАУ КӨКТЕ ӨТКІР СЕЗІМДЕРД БАСТАН ӨТКЕРУ ОҢАЙ МА?

МІНЕ, ПАРАШЮТИСТЕР ОСЫНДАЙ. ӨЗДЕРІНІҢ АЙТУЫНША, АДАМДАРДЫ ЕКІГЕ БӨЛУГЕ БОЛАДЫ. ОЛАР ПАРАШЮТ СПОРТЫН ЖАН-ТƏНІМЕН СҮЙЕТІНДЕР МЕН ОНЫМЕН МҮЛДЕ СЕКІРІП КӨРМЕГЕНДЕР. ПАРАШЮТ СПОРТЫ – БҰЛ ЖАЙ ҒАНА ЕРМЕК ЕМЕС, ӨМІРДІҢ ШЫН МАҚСАТЫ, ƏУЕСҚОЙЛЫҚ ПЕН ДƏРЕЖЕ.

Парашютизмді спорттың күрделі түрлерінен деуге болады. Бұл спорт түрімен айналысу үшін дайындық пен белгілі бір білім қажет. Мәселен, қанаттың аэродинамикасы, ауа ағымдары туралы білген жөн. Дене дайындығы бойынша, парашют тарландарының сөзіне қарағанда, спортшы желаяқтай төзімді, баскетболшыдай шапшаң, палуандай мықты, акробаттай икемді әрі әбжіл қасиеттерге ие болуы тиіс. Спорттық парашютизм, басқа спорт салалары сияқты, көптеген түрлер мен тармақтарға бөлінеді. Соның бірнешеуінен келтірсек:

  • Классикалық парашютизм (парашюттік қоссайыс) — парашютизмнің жекелеген түрі
  • Топтық акробатика – командалық сипатта
  • Парашюттік-атлетикалық көпсайыс – жеке-командалық түр
  • Пара-ски – жеке түр
  • Скайсерфинг – әртістік жеке-командалық түр
  • Спидфлай – жеке түр
  • Фрифлай – әртістік командалық түр
  • Фристайл – әртістік жеке-командалық түр.

Парашюттік спорттың мұндай сан алуан түрі парашютпен еркін құлау мен жоспарлауға (төмендеу мен жерге түсу) байланысты. Бұл тұста парашютистің орташа құлау жылдамдығы 180-нен сағатына 220 шақырымды құрайды. Сайыстар жеке әрі командалық негізде өтеді. Мәселен, топтық акробатикаға 4-тен 16 спортшыға дейін қатысады.

Негізінен спорттық парашютизмнің барлық түрі денені ұстай білуге (акробатика, төменге баспен құлдилау) немесе еркін ұшу жағдайында командамен тізбек құруға негізделген. Тек классикалық парашютизмде басқашалау, ондағы мақсат – діттелген жерге 3-5 сантиметр өлшеммен дәл түсу және де күмбезді акробатика – парашюттердің үстімен ауада қажет пішінге келу.

Ең қауіпті болып FreeFly (фрифлай) саналады. Бұл тұста еркін құлау сағатына 300 шақырымға дейінгі жоғары жылдамдықта еңсеріледі. Ол үшін спортшы денесін белгілі жағдайда ұстайды, ол өз кезегінде дене мен ауаның жанасу ауқымын азайтуға мүмкіндік береді және сәйкесінше жылдамдық өседі. Парашюттік спорт Қазақстанда да танымал. Астана қаласында Парашют спорты федерациясы жұмыс істейді. Оның басты мақсаты Қазақстанда парашютизм саласын дамыту болып табылады. Федерацияны 2009 жылдың мамыр айында парашют спортын биік дәрежеге жеткізуді мұрат еткен, өздігінен қызығушылық танытқан жандар жасақтаған. Қазіргі кезде Федерация аяғына тік тұрып, құрамына бұрынғы десантшылар, кәсіби спортшылар мен жай ғана экстримге құмар жандар кіруде. Халықаралық деңгейдегі шеберлер мен нұсқаушылар барлық ниет танытушыларды жаттықтырып, оқытуда. Федерация өз жарыстарын өткізіп, халықаралық додаларға да белсенді атсалысуда.

Астанадағы парашютпен секіргісі келетіндерге бірнеше таңдау бар. Мысалға, өздігінен әрекеттену. Бұл секіріс 800 метр биіктіктен орындалады. Спортшыға өздігінен ашылатын парашют беріліп, нұсқаулық пен жердегі әзірлік шаралары жүргізіледі. Өзіндік секіру 18 жастан асқан тұлғаларға рұқсат етілген яки 16 жас табалдырығынан аттағандар ата-ананың жазбаша рұқсатымен және олардың міндетті түрде оқиға күні қатысуымен секіре алады.

Сонымен қатар, екі адам бірге секіре алады. Мұндай секірісте секіретін адамның дене тұрқына (салмағы, жасы мен бойы, т.б.) қатты назар аударылмайды. Оған бірнеше минут дайындалса жеткілікті. Қос адамның бірге құлдилауы, нұсқаушымен 3000 метр биіктіктен жүзеге асады. Сайттағы ұйымдастырушы тараптың жазуынша, «секірген кезде «қанат» сипатындағы парашютпен еркін құлау мен төмендеуден, жұмсақ қонудан шексіз әсерді бастан кешесіз (30 секундқа жуық уақыт)». 14 жастан бастап нұсқаушымен бірге секіруге болады. Алайда, бұл жерде де ата-ананың жазбаша рұқсаты мен олардың секіретін күні міндетті түрде болуы қажет. Парашютпен секіруде белгілі бір шектеулер бар. Салмақ бойынша секіруші 45-95 килограмм шегінде салмағы бар батыл жан болуы тиіс. Жүрек-қан тамырлары және өкпе ауруларына шалдыққан, қан қысымы төмен немесе жоғары, талма ауруына бейім, есту қабілеті нашар, жүйкесі сыр берген, диабеті бар тұлғалардың секірмей-ақ қойғаны абзал екен. Ал, бүйрек ауруы мазалайтындарға, ақыл-есі ауытқығандарға, миы зақымданған, қозғалу-тірек жүйесі бұзылғандар, ішімдіктен немесе есірткіден масайғандарға тіпті тыйым салынған.

Фото дереккөзі: www.skydivenewmarket.com

*Ақпарат Парашюттік спорт федерациясының сайтынан және ғаламтордан алынды

БІРІНШ СЕКІРГЕНДЕРДІҢ ҚАНДАЙ ƏСЕРДЕ БОЛАТЫНЫ БІЗДІ ДЕ ҚЫЗЫҚТЫРДЫ. БІР ЖЫЛ БҰРЫН АЛҒАШҚЫ РЕТ СЕКІРГЕН АНТОННЫҢ ƏҢГІМЕСІНЕ ЗЕЙІН ҚОЙСАҚ:

– Барлығы менен, бұны не үшін істейтінімді сұрайтын. Әлбетте өмірді қызықты сүру үшін! Мен саналы ғұмырымның өне бойы күйбең тірлікті көңілді бояулармен ашуға тырысып келемін. Ал, парашютпен секіру, тіпті өміріңді өзгертіп, жаңа түстерге енгізеді екен. Бұлай дейтінім, мен қазір мысалы үнемі аспанды сағынамын. Менің алғашқы секіруім 3000 метр биіктіктен болып, жаман қорықтым. Бірақ екінші рет 800 метрден секіруге бел байлағанда, оң сезімде болдым. Қазір мұндай сөзбен айтып жеткізу қиын әсерге қайта-қайта бөленгім келеді. Алғашқы секіргендегі сәтті еске түсірер болсам… Ең маңыздысы ұшақ табалдырығынан иен кеңістікке қадам жасау. Бұл енді қорқынышпен бетпе-бет келіп, бойды буған үрейге берілмеуге тиісті сәт. «Шешінген судан тайынбас» дегендей. Осыдан бастап өмірдің көптеген құндылықтарына көзқарасым өзгеріп сала берді.

Жақында парашютпен секіргісі келетіндер үшін қажетті кеңестер тізімін құрдым:

– егер өзгеше бірдеңені сынап көргіңіз келсе, бірақ кедергі жасайтын жайттар орын алса, онда уайымға салынбаңыз, қолайлы сәтті күте біліңіз. Егер бәрібір шешім қабылдасаңыз, онда қорқыныштан артқа шегінбеңіз;

– секірер күні жақсылап тынығып алыңыз;

– секірерден бірер апта бұрын отырып-тұрып жаттығу жасай бастаңыз, әйтпесе секірералды жаттығуларда бұлшық еттер ауырады;

– үйрену үшін арқаңызға салмағы 20 кг жуық қоржынды тағып алып, біраз жүріңіз (қажет жабдықтардың салмағы ауырлау болады сәл);

– топтағы жаттығу, ұшақтан ажырау және жерге қону жаттығуларын міндетті түрде қайталап үйреніңіз (дене төселіп алатындай дәрежеде);

– секіретін күні жеткілікті мөлшерде су ішіп, талғажау қорек алып алыңыз;

– Нұсқаулыққа бейжай қарамаңыз.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика