Қиялға қанат бітіргенде…

Егер сіз əлі де адам тек үшаққа мінгенде немесе қиял-ғажайып оқиғаларында ғана көкке көтеріліп, тек ертегілерде аспанға самғайды деп ойлайтын болсаңыз, қателесіз! Біз сіздерге пенде баласын зеңгір көкте қалықтатып, қажет кезде баппен жерге қондыра алатын алты қазіргі заманғы өнертапқыштық дүние жайлы əңгімелеп бермекпіз. Бүл жерде парашюттің немесе дельтапланның керегі жоқ. Тек ақыл-ойға жүгіне біліп, болат сомқанаттар мен жалынды жүрек іспетті қозғалтқыш қүрал болса жеткілікті.


ВИНГСЬЮТ

Фото дереккөзі: www.goodfon.ru

Бұл атау wing — қанат және suit — костюм, қанат-костюм деген екі ағылшын сөзінен тұрады. Тиісті арнайы ұшу киімінің жеңі мен балағының арасындағы жарғағы бар, ұшақ қанатына ұқсайтын құрылымы қарастырылған және де ауа тартқышы мен нервюрлері барынша аэродинамикалық жылдам қозғалысқа қол жеткізуге септігін тигізеді. Вингсьют тік құлдилау жылдамдығын сағатына 200-270 шақырымнан сағатына 35-70 шақырымға төмендетуге және көлденең жылдамдықты нөлдік деңгейден 250 км/сағ шегіне көбейтуге мүмкіндік береді. Ұшып-қонып жүретін тиіннің адамдай ақылы болса, мұндай өнертапқыштарға баяғыда-ақ авторлық құқықты бұзғаны жайлы шағым түсірер ме еді…

Вингсьютте ұшу дегеніміз, ол парашютизм саласының бір бағыты секілді. Қонған кезде парашют қолданылатынын айта кеткен жөн.
Қолға тағылатын қанат идеясы қанша айқын сияқты болғанымен, жұмысқа жарамды вингсьют туындысының сұлбасы тек 1990 жылдардың ортасында айқындалды. Тарихқа көз жүгіртсек, өзі ойлап тапқан сан алуан туынды арқылы секірмек болған «жарқанат» сынды қанатты ойлап тапқан 75 өнер-тапқыштың аты кездеседі. Олардың барлығы дерлік ажал құшқан. Осындай жоғары өлім деректерінің салдарынан, 1950 жылдары американдық парашюттік спорттың USPA федерациясы «жарқанат» сипатындағы қанаттарды сынаудың кез келген нұсқасына тыйым салады, бұл шектеу 1980 жылдардың аяғына дейін жалғасты.

Тек 1990 жылдары француз Патрик де Гайардон екі қанаттың орнына үш қанаты бар, қос қабатты, ауа ағынымен үрілетін қанаттар бейнесіндегі заманауи вингсьют жасап шығарды. 40-100 км/сағ тік ұшу жылдамдығы парашют ашылғанға дейінгі ұшуды үш және одан да көп уақытта созуға жол ашты. Мықты деген ұшқыштардың ұшу сапасы 3,5 (жел тұрса 5-ке дейін) өлшеміне шарықтап, яғни бір шақырым биіктікте көлденеңінен 4 км астам ұшып өтуге жетеді екен.

2004 жылы Босфор бұғазы арқылы құрлық аралық ұшу жүзеге асып, ал 2008 жылы Гибралтар бұғазы арқылы мүмкін болды.

JET MAN

Фото дереккөзі: www.illvit.no

Бұл швейцариялық өнертапқыш Ив Россидың (Yves Rossy) туындысы. Алғашқы рет екі реактивті қозғалтқышпен Ив Росси 2004 жылдың 24 маусымында табысты ұшқан. Джэтмен де осы Ивтің лақап аты. Мағынасы екі ағылшын сөзінен құралған: jet – реактивті қозғалтқыш, man – адам, яғни анығырақ байыптасақ, тікелей «реактивті адам» мағынасы шығады.

Жобаның бір ерекшелігі, қанат механизациясының толықтай болмауы. Ұшу аппараты салмақ орталығының ауысуы есебінен іске асқанымен, қанаттың жазық астында пилот орын ауыстыра алатын дельтапланға қарағанда, Ив Россидің ұшу құралында қанат арқаға мызғымайтындай қатты тағылып, пилот ұшуды қолдары мен аяқтарын және басын қимылдату арқылы тізгіндей алады. Осы орайда іс-қимыл түрлі қиындықтағы пилотаж әрекеттерін орындауға әбден жеткілікті.

Ив Россидің ұшу аппаратында жерден көтерілу жағы қарастырылмаған. Бұл үшін қажет биіктікке ұшақта, тікұшақта немесе ауа шарында көтерілу керек. Қону үшін парашют қолданылып, бұл тұста қонатын және қосымшасынан тыс, Ив Россидің төл өнімі қысылтаяң сәтте қанаттарды тастап жібергенде қону жұмсақтығын қамтамасыз ететін өзіндік парашютпен де жарақталған.

Соңғы үлгідегі (2012 жыл бойынша) толықтай жанармай құйылған (30 литр керосин) арнайы қоржын салмағы 55 кг, қанат жаю мүмкіндігі – 2 метр. Ең жоғарғы жылдамдық 300 км/сағ, толықтай жанармай құйылғандағы ұшу ұзақтығы – 10 минут.

Ив Росси өз қанаттарымен көп рет ұшып, Ла-Маншты (2008), Үлкен құзды және де Швейцария Әскери әуе күштері екі жойғыш ұшағының сапында швейцариялық Альпіні ұшып өткен. 2013 жылдың қарашасында жапондық Фудзияма жанартауын тоғыз рет айнала ұшқан. 2015 жылы Vince Reffet бірге Бурдж-Халифа маңайында (Дубай) жұп болып қалықтаған.

ГРИФОН

Фото дереккөзі: www.dic.academic.ru

Грифон – немістің SPELCO GbR компаниясы жасап шығарған персоналдық ұшу аппараты. Грифон – немістің SPELCO GbR компаниясы жарыққа шығарған, ертегідегі қанатты мақұлықтың құрметіне ат таңылған реактивті қозғалтқышты қанат.

Бұл ұшақ пен реактивті қоржын арасындағы өзіндік бір сипаттағы құрылғы. Реактивті қозғалтқышы бар қанат адамның арқасына тағылып, ертегі батырларындай ұшуға жол ашады. Аталмыш құрылғы SPELCO Германия Әскери әуе күштеріне жеткізетін пилотсыз барлаушы ұшақ сипатында жасалған. Жеңіл карбон талшықты материалдан түзілген қанаттың ені шамалап алғанда екі метрді еңсереді. «Грифон» жылдамдығын сағатына 200 шақырымға апарып, пилоттың өз салмағын санамағанда, 50 киллограмға дейінгі пайдалы жүкті көтеруге қауқарлы. Биікте жерден 10 км межені бағындырады. Рульдің болуы ауадағы маневрге қажет.

Өнертапқыштардың айтуынша, жақын болашақта мұндай глайдерлер әлемдегі күшті деген әскерлердің барлығының десанттық бөлімдерінің қару-жарағына енеді. Келешек ықтимал ұрыстарды неміс инженерлері келесідей елестетеді екен. Сарбаздар ұшақтан секіріп түседі («Грифон» құрамына кіретін ауа баллондары 10 мың метрге дейінгі биіктіктен секіруге мүмкіндік береді). Әрі қарай қуатты реактивті қозғалтқыштар десантшыны оқиға орнына апарып, ауада қалықтау уақытын үш есеге, 45 минуттан 15-ке қысқартады. Жерге жақындағанда адамның арқасындағы парашют ашылып, жұмсақ қондырады. Қанат сол кезде қоржыннан ажырап, алайда төзімді темір арқан арқылы байланып тұрады.

Әзірге жаңа глайдерді бундесвердің бұрынғы десантшысы, неміс Эрих Йелитко жалғыз пилот-сынағыш ретінде байқап көрді. Париж қаласындағы тұсаукесер ұшуларында ол жоғары шеберліктің нағыз үлгілерін танытты. Мысалға, «Грифонның» іс-қимылға икемділігін көрсету үшін Эйфель мұнарасы тіреулері арасынан зымырады. Барлығы ол аталған өзгеше аппаратпен 50-ден астам рет секірді.

SPELCO компаниясы өкілдерінің сөзіне қарағанда, туындыны тек соғыста кәдеге жаратуға болады деп ұғыну жаңсақ пікір. Оны мәселен қол жеткізу қиын аудандардағы оқиғаларда құтқарушылар пайдалана алады екен. Болашақ уақытта «Грифон» сияқты аппараттар коммерциялық саудаға түседі деген сыбыс тарауда.

ҚОРЖЫН-ТІКҰШАҚ

Фото дереккөзі: http://www.membrana.ru/

Аталған аппарат оның негізгі бәсекелестері секілді аса танымал емес. Өйткені ертегі оқиғаларында, фильмдерде Карлсонды қоспағанда, бірде-бір пропеллері бар қаһарман жолықпайды. Ал, Карлсон қанша ақылды, толықтау, таланты да бір кісідей, маңғаз жігіт ағасы болғанымен, оған ұқсағысы келетіндер сирек.

Тиісті құрылғы – тікұшақ қалағынан, қозғалтқыш пен бекіткіштен тұратын жеке ұшу аппараты.
Қазіргі мезгілде бұл көлік құралы сыналу үстінде. Дегенмен мұндай қоржынның бірнеше түрі жасалып үлгерген. Қоржын-тікұшаққа отынмен жұмыс істейтін қозғалтқыштар қолданылғанымен, болашақта оларды электр түрі ауыстыруы ғажап емес (бұл технология қарыштап дамып, аккумуляторлардың электр сыйымдылығына тиіспей өлшемі мен салмағын қысқартуға байланысты істелетін нәрсе). Сондықтан туындының жарық көрер уақыты алда.

Бірақ бүгіннің өзінде оның жоғары бәсекеге қабілеттілігі аңғарылады, реактивті қоржынмен салыстырғанда, «тікұшақтар» үлкен қашықтарға ұшып, жүк көтеруі де әжептәуір деңгейде және отынды аз шығындайды екен. Аппараттың «Аңыздардың күйреуі» бағдарламасында қылаң беріп, жүргізушілер ұқсас туынды жасау үшін бөлшектер сатып алғаныман, жерден көтере алмайды. 1990 жылдардың аяғында Омбыдағы әскери көрмеде «ЮЛА» атты қоржынды тікұшақ назарға ұсынылды. Оның салмағы небары 25 кг болып, 150 км/сағ жылдамдықта 20 минутқа дейін ұшуға жағдай жасады. Алайда, 2000 жылдан бері жоба бойынша барлық ақпарат құпия ұсталуда.

ҰШАТЫН СКЕЙТБОРД

Фото дереккөзі: www.avtomaniya.com

2015 жыл өтіп кеткенімен, «Болашаққа артқа 2» фильмінің желісіндегі осы уақытқа тап болуы керек Марти МакФлай, ұшатын тақтаға жолықпаушы да еді. Фильмдегі уақыт аралықтарында саяхаттайтын жас жігіттің оқиғасындағы айнақатесіз қалықтаушы тақта, яғни ховерборд бар болғанымен, оның адам салмағын көтере алмайтыны белгілі. Ховерборд электромагниттік жүйе мен лазер арқылы қимылдайды. Жапондық Lexus компаниясы ховербордтың өз нұсқасын жасап шығарды. Ресми түрде Lexus Hoverboard аталатын құрылғының сынағына кәсіби скейтбордер Росс МакГуран атсалысқан. Оның MarketWatch басылымына берген сұхбатында, жанасу күші әсер етпейтін тақтамен сырғанауда, 20 жылдық тәжірибеге қарамастан, тең салмақты сақтап қалу үшін мүлде өзгеше дағдылар қажет екендігін айтқан. Құрылғы SLIDE жобасы шеңберінде әзірленіп, сұйық азотпен салқындатылатын жоғары өткізгіш пен магнит қолданылған. Басылымның атап өткеніндей, ховербордты тек арнайы алаңқайда қолдануға болады. Полигонның құны ашық жарияланбағанымен, сарапшылардың болжамынша, бағасы біраз тұрады. Құрылғыны сұйық азотпен шамалап алғанда әр он минут сайын «әлдендіріп» отырған дұрыс.

Жоба сайтында хабарланғандай, ховерборд сұйық азотпен -197°C температурасына дейін салқындатылатын жоғары өткізгіш блоктардан тұрады. Құрылғының магнитпен және сұйық азотпен қосқандағы салмағы 11,5 кг өлшемді межелейді. Бір отын құюға 30 мл азот кетеді екен. Құрылғы ультра жеңіл бамбук корпуспен қамтылған.

MARTIN JETPACK

Фото дереккөзі: http://wunc.org/

Ең батыл әрі атышулы жоба десек, артық етпес. Аталған аппараттың авторы Гленн Мартиннің сөзінше, 2016 жылы оның туындысы жаппай сатылымға шығады. Тапсырыс берушілерге жеткізу уақыты – 2017 жылдың І тоқсаны. Мүмкін, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінде тез қозғалуға ыңғайлы болу үшін бірнешеуін алдыртармыз?!

Өзге «реактивті қоржын» сипатындағы құрылғыларға қарағанда, Martin Jetpack тәжірибеде кәдеге жаратуға тұратын алғашқы дүние. Жобаны жасауға 27 жыл кеткен. Ұшу аппаратының екі тактілі қозғалтқышы бензинмен жұмыс істейді. Белгілі бір есептеулерше, Martin Jetpack 10 км/сағ жылдамдықты еңсеріп, 2,5 км биіктікке көтеріле және ауада толық бакпен жарты сағаттай бола алады. Бензин шығыны – 45 литр.

Жасаушы тарап – жаңазеландиялық Martin Aircraft жеке компаниясы. Алғаш рет 2008 жылдың 29 шілдесінде Висконсиндегі Ошкош қаласында сынақ авиациясы қауымдастығы өткізген EAA AirVenture Oshkosh шарасында таныстырылды. FAA бағамынша, аппарат тым жеңіл санатқа жатады (Ultralight) және ұшуларды орындау үшін пилот лиценциясын қажет етпейді. Personal Jetpack реактивті қоржыны жеке көлік құралы ретінде де, пилотсыз басқарылу арқылы да қолданылады. Аппарат көмір-пластик пен алюминиден құрастырылған, ал апаттық жағдайға баллистикалық парашюті дайын. Джетпактің құны, тасымалдау мен салықты және өзге де шығындарды қоспағанда, 150 мың АҚШ доллары көлемінде. Осы жерде джетпак пилоттарды оқыту бағдарламасы жасалып, барлық қауіпсіздікке байланысты мақұлдаулар алынған соң ғана, тұрақты өндіріске шығарылатыны ескертілуде.

Компания президенті Питер Кокердің айтуынша, реактивті қоржын өткір сезімдерді бастан кешуге құмарларға ғана емес, шұғыл қызмет қызметкерлеріне де арналған. Мысалға, өрт сөндірушілер оның көмегімен ахуалды бағалап, дәрігерлер науқасты қысқа мерзімде алып кете алады.

Компанияға жеке фирмалардан, үкіметтік ұйымдардан және бір миллионерден жүздеген өтінім түсіп үлгерген. Өтінімдердің 80 пайызы – АҚШ жағынан.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика