Қазақстандағы саяхатқа арналған бес ерекше орын

Қазақтың сайын даласының əр тасы, мөлдірей аққан бұлағы, тау-тасы қойнауында терең сыр бүгіп жатқаны анық. Əр аймақтың өз ерекшелігі, табиғи сұлулығы бар. Осы орайда зəулім ғимараттары қанша көз сүйсіндіргенмен, суық түсті қаладан гөрі көбіне ауылда, ата-əжесінің тəрбиесінде өсетін қазақтың қара баласы жазда көкорай жайлауды аңсап, қыста асқаралы тау шыңдарына қарайлай беретіні сөзсіз. Қазіргі алмағайып жаһандану заманында Қазақстанға аяқ басқан шетелдіктердің де тамсана тамашалайтыны осы.

Арнайы журнал оқырмандары шін, біз, Қазақстандағы ұмытылмас əсер қалдыратын бес өзгеше кейіптегі саяхат орнын іріктеп алдық.


ҚАЙЫҢДЫ КӨЛІ

Фото дереккөзі: http://almaty-travel.kz/

Еліміздің кейбір өлкелеріндегі еш қайталанбас табиғат қойнаулары Қазақстан тұрғындарының өзіне де жаңалық болып алдынан ашылатыны анық. Сондай жерлердің бірі – Алматыдан 130 шақырым қашықтықтағы Күнгей Алатау аңғарында орналасқан Қайыңды көлі.

Бұл көл өткен ғасырдың басында, 1910 жылы жер сілкінісінің әсерінен пайда болған екен. Көл 2000 мыңға жуық биіктікте тұр, ұзындығы 400 метрді межелесе, тереңдігі 21 метрге дейін барады.

Көлдің атауы неге «Қайыңды» дейтін болсақ, себебі одан бес шақырымда қайың шоғы өседі. Бірақ ең басты ерекшелігі сонда, судың тікелей ішінен шырша діңгектері көрінеді.
Бұл жерде су тастай салқын болғанымен, оған сүңгуге құмар жандар қатары аз емес. Су астына батқан шыршалардың бұтақтары мен қылқандары өздігінше тылсым әлем орнатып, көлде өмір сүретін жалғыз бахтах балығын жасыруда. Бұл балық жас көлге 1930 жылдары әкелініпті. Жаңа жағдайға бейімделгенмен, балықтың одан ағып түсетін өзенді құп көретіні аңғарылады.

Қайыңды – тау табиғатын ұнататын талғампаз жұртқа таптырмас орын. Шырша талдарымен көмкерілген таулар, саф таза ауа және айнадай көкшіл көл саяхатшылардың жүрегін мәңгіге бағындырары даусыз.

ШЕРҚАЛА ТАУЫ

Фото дереккөзі: silkadv.com

Саяхатшының келесі сапар аялдамасы – Ақтау қаласынан 170 шақырым аумақта орналасқан, өзгеше келбетімен әйгілі Шерқала тауы болып отыр.
Тау кескінінің өзгешелігі сонда, әркімнің бойында таңданыс сезімін тудыруда. Мәселен, біздің редакциялықтар оны Марс пен Шолпанға ұқсас ғарыш дүниесіне ұқсатты. Ал, біреулер оны қазақ халқының ұлттық қазынасы, ақшаңқай киіз үйге ұқсатуда. Енді кейбіреулер маңғаз түрде ұйықтап жатқан арыстанға келтіреді. Соңғыларынікі ақиқатқа келіңкірейді. Түркі тектес халықтар сөздігін ақтарсақ, Мұхтар Мағауиннің шығармасын оқысақ, «арыстан қамалы» деген мағынаны ұғамыз.

Шерқала – орта ғасырларда Ұлы Жібек жолы соқпақтарындағы керуендерді күзететін қорған салынған әйгілі тау. Шерқала тауы Қаратау жоталарының орталық және батыс сілемдерінің ортасында, Ақмыштау тауынан солтүстік бөлігіне қарай орналасқан.

Тауды тылсым әңгімелер баурап алған. Үлкендердің айтуынша, оған өрмелеп шығу қиын, түсу тіпті мүмкін емес. Үңгірлеріне кіруге болмайды, іші аруақтарға толы. Маңғаз Шерқала зеріккен жандардың ермегі болуды жақтырмайды және Маңғыстаудағы қасиетті орындардың бірі есептеледі. Шерқаладан көп ұзамай көк құраққа жолығуға болады, шағын бұлақ көзі мен Ақмыш өзені жылтырап ағып жатыр. Ғасырлар бойы тапжылмай тұрған ағаштардың көлеңкесінде тынығып, құстардың сайраған әуені аясында Маңғышлақ шаһары жайлы әңгімелерге қанығуға болады.

Айтпақшы, 1000 теңгелік ақшада Шерқала тауы бейнеленген.

АРАЛ ТЕҢІЗІ

Фото дереккөзі: еcology-of.ru

Тағы бір өзгеше және әлі туристер аяғына дейін зерделеп үлгермеген орындардың бірі ағынсыз әрі тұзды Арал көл-теңізі. Кезінде әлемдегі үлкендігі жағынан төртінші орында тұрған, табиғи байлыққа тұнған, маңайы гүлденіп, жайқалған, аң-құсқа бай Арал теңізі, бүгінде адамдардың ақымақ қимылдарынан су көлемінің төрттен үш бөлігін жоғалтып, үстіңгі бетінің ауданының жартысынан астамы қысқарып қалды. Қазіргі кезде теңіз түбінің 33 мың шаршы шақырымнан астамы құрғап кетті. Жағалау сызығы 100-150 шақырымға дейін шегініп кетті. Судың тұздылығы 2,5 есеге дейін ұлғайды. Ал, теңіздің өзі екі бөлікке бөлінді – Үлкен Арал және Шағын Арал. Осылайша Арал кеуіп бара жатыр.

Аралға табан тіреген туристер, соңғы он жыл мерзімінде адам танымастай өзгерген табиғат күйіне куә болады. Біраздан бері толқындар жағасына соқпаған ескі портты аралап, кезінде Аралды кесе жүзген, бүгінде тот басқан кемелердің күн сәулесі шағылысқан, көне теңіздің түбінің сарқыншағы іспеттес тұзды аймаққа ұласқанын ойға түйе алады.

Арал теңізі – жаңалыққа жаны құмар, жұмбағы мол, табиғи сипаты сан алуан жерлерге әуес туристердің сүйікті мекені.

ТАРАЗ ҚАЛАСЫ

Фото дереккөзі: https://www.rutraveller.ru/

Еліміздің оңтүстік өңіріндегі көне Тараз қаласы Қазақстанды аралап шығуды мақсат тұтқан саяхатшы үшін кезекті, дегенмен аса қызық аялдама болары шүбәсіз. Қаланың бай тарихы 2000 мың жылдан астам уақытқа тамыр жайып, ғасырлар бойы түсті металлургияның маңызды орталығы болғанын сездіртеді. Саусақтарынан өнер тамған жергілікті майталман шеберлер жоғары көркемдік дәрежедегі ұстаханаларда соғып, балқыта құйған туындыларымен ерекшеленген. Бұған Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесіне қойылған тайқазан өрнектері айқын дәйек.

Таяу уақытта Тараз туризмнің қайнаған ортасына айналады. Тарих ғылымының докторы Карл Байпақов осындай ойға сенімді екенін жеткізеді. Өйткені мұнда Қарахан кесенесі, Бабаджа-қатын кесенесі (Х-ХІ) және Айша бибі (ХІ-ХІІ), араб Шығысы мен ортағасырлық Қазақстанды үйлестірген бірегей Ақыртас ескерткіші орналасқан. Көптеген тарихи ескерткіштер ЮНЕСКО-дағы Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген.

Сонымен қатар, Таразда жалғасып жатқан қазба жұмыстарында күн сайын дерлік жаңа тарихи қазыналар табылуда. Бағзыдағы хан ордалары зерттеліп, сән-салтанатымен дүркіреген сарайлар, сақ қорғандарының кешендері назарға алынуда.

ҚАТОН-КАРАҒАЙ

Фото дереккөзі: http://www.tigrotour.kz/

Шығыс Қазақстан облысының мақтанышы саналатын Қатон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғат саябағынан және Марқакөл қорығынан тұрады. Адам қолы тие қоймаған табиғат сұлулылығы да сөзбен жеткізгісіз: тау сілемдері мөлдір көлдермен көршілес орналасып, ну тоғайлы ормандар көк шалғындарға ұласқан және асау өзендер сұсты жартастарға барып соғылуда. Марқакөл көлі, Бүркітауыл таулары, Рахман ыстық қайнарларынан тыс, қорықтағы жануарлар әлемі де сан алуан. Орманда аюлар мен бұландар, сілеусіндер, қызыл қасқыр сияқты жабайы аңдар жортып жүр.

Табиғат сұлулығынан басқа, Қатон-Қарағайдың емдік қасиеті де мол. Бұғы мүйізінен дайындалатын дәрі көптеген сырқаттан айықтырып, Рахман ыстық сулары жоғары тыныс алу жолдарын тазартып, қан құрамын ширатады. Таза ауа мен табиғаттың өзі қаншама дертке дауа екені анық.

Шығыс Қазақстан – рухани сергітіп, күш-жігер сыйлайтын ерекше орын.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика