Шымкентте ересектер қалай демалады?

БҰЛ ҚАЛАНЫ ӘЛЕМДЕГІ БАСҚА ҚАЛАНЫҢ ЕШҚАЙСЫМЕН ШАТАСТЫРУ МҮМКІН ЕМЕС ЕКЕНІ АНЫҚ. «ЕРЕСЕКТЕР ҚАЛАЙ ДЕМАЛАДЫ?» АТАЛАТЫН ТҰРАҚТЫ АЙДАРЫМЫЗДА БҮГІН ШЫМ- КЕНТТЕГІ ТЫНЫС-ТІРШІЛІК ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ ҚОЗҒАМАҚПЫЗ. БҰЛ ЖОЛЫ АТАЛМЫШ ТАМАША ШАҺАРҒА САЯХАТ ЖАСАУ МЕН ДЕМАЛЫС МҮМКІНДІКТЕРІ ЖАЙЛЫ СЫР ШЕРТЕМІЗ.

ОТАНСҮЙГІШТІК ЖӘНЕ СПОРТТЫ СЕРІК ЕТУ

Шымкенттік үшін патриотизм – бұл бос сөз емес. Мұны Шымкенттің үш басты қалалық даңғылдары – Төле би мен Қазыбек биді және Әйтеке биді қосатын бас алаң – Ордабасыдан байқауға болады. Тереңде жатқан таным емес пе? Тұтас қазақ хандығының айқын татулық белгісі іспетті үш жүздің бірлігі орталықтағы «Ана Жер» монументінде тоғысады. Алаңның қасында – отансүйгіштік насихаттың жалғасы – Тәуелсіздік саябағы орналасқан. Бұл жерде елдегі ең биік тұғырдағы көк тудың біреуі желбіреп, «Жеті найза» кешені Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағын, «Халық достығы» монументі жергілікті халықтың елдегі бірлік идеясымен үндестігін еске салады. Егер тарихи деректерге тереңірек үңіліп, әсем табиғаттың әдемі суреттерімен бөліскіңіз келсе, саябақтың барлық тұсында қолжетімді тегін WI-FI дайын тұр. Айтпақшы, қала ішінде саябақтар мен гүлзарлар өте көп. Шымкентте табиғат аясындағы таза ауада серуендеу қалалықтардың сүйікті ісі болып келеді. Саябақтарда жаттығу құралдары молынан орнатылған. Спорттық және балалар алаңқайларын қамтамасыз ету – қала инфрақұрылымын дамытудағы басымдыққа ие бағыттардың бірі. Велосипедтер мен скейттер, роликтер – осының бәрі белсенді демалысқа септігін тигізіп, шексіз жағымды әсерлер қалдырады.


ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ӨРКЕНДЕУ МЕН ДӘСТҮРЛЕРГЕ СҮЙІСПЕНШІЛІК

Lovestory мәнеріндегі сәндік фотосессиялар мен демалысқа, таза ауадағы отырысқа шымкенттік дендропарк таптырмас жер. Дендропарктың іргетасы 1979 жылы қаланған. Мұнда әлемде алғаш рет шөлейт табиғат жағдайында үлкен ағаштарды қайта отырғызу сынағы жүргізілген. Ыстық аймақтағы тиісті бірегей табиғат бөлігінің пайда болып, қалыптасуына белгілі саясаткер, төл қаласының жанашыры Асанбай Асқаров тікелей атсалысқан екен. Шымкент дендропаркі бұрынғы қалалық қоқыс төгу алаңында бой көтеріп, гүлденген уақытында 151 гектарды алып жатыпты. 500 мың ағаш пен 1360 сирек және экзотикалық тұқым көшеттері отырғызылған. Мәселен, бұл жерде Қазақстанда тұңғыш рет солтүстік африкалық қызғалдақ ағашы өсірілген.

Фото дереккөзі: http://shok-darvina.livejournal.com

Дендропарк 2008 жылы ауқымды түрде қайта жаңғыртылған. Сол кезде суландыру жүйесі мен көл қалпына келтіріліп, ағаштар мен өсімдіктердің жаңа түрлері отырғызылған. Сонымен қатар, саяжолдар (оның ішінде жас жұбайлар саяжолы), сұхбат орындары, көпірлер, жаңа сәулет өнерлері пайда болып, дүйім жұртқа ыстық мүсіндер жаңартылған. Атқа мініп серуендеу, велосипед тебу жолдары төселген. Содан бастап дендропаркке жастар мен ғашықтар жиі бас сұғып, жаңа дәстүрлер ойлап тапқан. Мысалға бір-біріне адалдық пен махаббат белгісі ретінде жас жұбайлар көпірлер арқауларында аттары жазылған құлыптар қалдырады. «Махаббат патшалығы» сарқырамасына ұласатын 142 метрлік су каскады мен субұрқақтар іске қосылған сәттен, мұнда құлама су астында тілек тілеу дәстүрі дүниеге келген. Соңғы жаңалықтардан: Шымкент дендропаркіне тиіндер, еліктер, маралдар және тауыс құстар қоныстана бастаған. Көлге дөңмаңдай шабақтар, қаздар мен үйректер, аққулар жіберілген.

ДӘМДІ ТАҒАМДАР МЕКЕНІ

Шымкент – неше түрлі дәмі тіл үйірер тағамдар ордасы. Шетелдегі тез тамақтану жүйесінің ықпалына қарамастан, Шымкентте өзіндік тамақ дайындау тәсілдері бар. Мейрамханалар мен дәмханалар сан алуан, онда кіріп кез-келген талғамдағы түрлі тәтті тамақтан ауыз тие аласыз. Дәмі тәтті болған сайын, кезек те ұзынсонар. Бұлай дейтініміз, бір мысал, барша Қазақстанға атағы жайылған самсаны жеу үшін алдын ала кезекке тұрып, талон алу керек. Шымкенттің тамақ пісіру шеберлігінің жеткен шыңы осындай! Айтпақшы бағалары да көңілге қонымды.

Фото дереккөзі: http://vkysno-vcem.ru/

Кезекті мейрамханаға барып, жайғасқан кезіңізде жанжағыңызға зер салыңыз. Түрлі жастағы ақжарқын жандардың көптігін көресіз. Бір жерде сақалды аталар дабырласа әңгіме-дүкен құрса, екінші тұтас зейнеткер әжелер қауқылдасып жатады. Ал, бір үстел басында аға буын өкілін төрге отырғызып құрметтеп, үлкен әулет жиналғанын байқайсыз. Шымкентте мейрамхана-дәмханаларға бару өмірдің ұнамды да қолжетімді, қарапайым қырына айналған. Ата-баба рухына тағзым. Ас атасы нанға құрмет. Міне Шымкент келбетінің сан қыры.

ҚАЛА СЫРТЫНДАҒЫ ДЕМАЛЫС

Фото дереккөзі: http://titus.kz/

Қалалықтар мен қала қонақтары Алматыға немесе Астанаға ат терлетіп жатпайды. Оңтүстік Қазақстандағы ең әдемі жерлердің бірі, теңіз деңгейінен 1900 метр биіктікте, Төле би ауданында орналасқан Қасқасу шатқалына сапарлайды. Бұл табиғат қойнауының айтып жеткізгісіз, көркіне көз тоймас бояуларына мыңдаған шымкенттіктер ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен өзіндік табиғат кескінін көруге ынтығып, сирек құстардың сайрауына құлақ түру үшін асыға ағылып келетін шетелдік туристер де жақсы қанық. Сонымен қатар, бұл шатқалдың ерекшелігі, қолайлы сегіз қарлы тау баурайында тау шаңғысы шипажайы орналасқан. Қасқасудың мүмкіндігі сондай, бес Шымбұлақты сыйдырып жібере алады екен. Бұл жерде бір уақытта 25 мың шаңғышыға дейін сырғанай алады.

ҚЫЗУ САУДА

Демалыс деуге келмейтін шығар, бірақ саудаға бейімі жоқ шымкенттікті елестету қиын. Шымкент базарлары Ұлы Жібек жолындағы шығыс базарларының заңды мұрагері іспетті. Бәрінен бұрын ескі қаланың орталығында орналасқан Жоғарғы базар тарихи өткенімен танымал. Әдеттегідей бұл жерлерде сөрелер ұсынылатын тауарлардың молдығынан белі майысып тұрады. Айналаның бәрі түрлі бояу, аңқыған жұпар иіс, қызу қайнаған сауданың құлақ тұндырар шуы… Алайда, нақты ахуалға ойыссақ, тарихи Жоғарғы базарда болу мүмкіндігіне санаулы айлар ғана қалды. Шымкентте 2017 жылы барлық базарлар жабылып, олардың орнын біреуі ғана баспақ. Жаңадан салынатын, былтыр сұлбасын түзуге байқау жарияланған «Шығыс базары» шырайлы Шымкенттегі тамаша да бірегей нысандар қатарына қосылатынына сенім мол.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика