Тоқтар Әубакіров: өмірге шексіз құштармын

БИЫЛҒЫ 2016 ЖЫЛ – ҚАЗАҚСТАН ТƏУЕЛСІЗДІГІНІҢ МЕРЕЙТОЙЫ, ҒАРЫШҚА БІРІНШІ ҰШҚАН АДАМНЫҢ, ҚАЗАҚ ҒАРЫШКЕРІНІҢ ТҰҢҒЫШ ҒАРЫШҚА САМҒАУЫНЫҢ ЖƏНЕ ОНЫҢ ӨЗІНІҢ ЖЕКЕ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ БЕЛЕСТЕРІНІҢ ЖЫЛЫ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ, КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ, АВИАЦИЯ ГЕНЕРАЛ-МАЙОРЫ, БАСҚА ДА ҚҰРМЕТТІ АТАҚТАРЫН АЙТЫП ТАУЫСҚЫСЫЗ ТҰЛҒА – ТОҚТАР ƏУБƏКІРОВПЕН СҰХБАТ ТА ӨРЕЛІ, МАЗМҰНДЫ БОЛЫП ШЫҚТЫ. АҢЫЗ АДАММЕН СЫРДЫ НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ҰСЫНАМЫЗ.

СЫНАҚШЫ БҰЛ ТӨЛ ӨНЕРІ ИЕСІ СЕКІЛДІ, БІЗ ЕҢ ОЗЫҚ ДЕГЕН ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ƏР ТЕХНИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДА ҰШАҚТАРДЫ ДҮНИЕГЕ ƏКЕЛІП, ОЛАР ДҮНИЕЖҮЗІНДЕГ БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТЫНЫШТЫҚТЫ САҚТАУҒА ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

ҰШАҚТАР ЖАЙЛЫ

СІЗ БІР КЕЗДЕР АЙТҚАНДАЙ, МЕМЛЕКЕТ МЕРЕЙТОЙЫҢЫЗҒА ОРАЙ ЖОЙҒЫШ ҰШАҚПЕН ТАҒЫ БІР МƏРТЕ ҰШЫП КӨРУГЕ РҰҚСАТ БЕРСЕ ЕКЕН ДЕГЕН АРМАНЫҢЫЗ БАР ЕКЕН. РЕСЕЙДЕ СОЛАЙ ІСТЕЙДІ ДЕЙДІ …

Қиялдағы арманның түбінде жүзеге асатынына сенемін.

70-ТІҢ АСУЫНДА БОЛМАСА, 80-НІҢ СЕҢГІРІНДЕ ДЕЙСІЗ ҒОЙ?

(күледі) Мынадай әзіл әңгіме бар:
«Қызықтаушы: – Мына аң қанша орамжапырақ жей алады? Қараушы: – Күніне жүз килограмм.
Қызықтаушы: – Жүз?Бір күнде ме?
Қараушы: – Жеуін жейді ғой, бірақ оны кім береді дейсің!
Өз басым ұшуға дайынмын, тіпті түрлі қимылдар орындауға әзірмін. Бірақ ондай жауапкершілікті мойнына кім алсын? Жас болса ол, шау тарттық. Алайда, Ресейдегі 63 жастағы шәкіртім, сынақшы-ұшқыштар мектебіндегі жойқын әуе тұлпарларын қиналмастан тізгіндеуде.

СОНДАЙ МЕКТЕП АШАР МА ЕДІҢІЗ?

Онда не сынар едік?

ҚАЗІР ҰШЫП ЖҮРСІЗ БЕ? ЖОЙҒЫШ ҰШАҚТАРМЕН БОЛМАСА ДА, СПОРТТЫҚ ҰШАҚТАРМЕН МЫСАЛЫ?

Міндетті түрде. Тек демалыс күндері ғана. Жұмыс пен түрлі шаруалар көп уақыт жұмсауды қажет етеді. Сондықтан қолым босамағандықтан, ондай шараларға қатыса да алмай қаламын.

ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҚҚЫҢЫЗ КЕЛМЕЙ МЕ?

Жоқ!

ЖҰМЫС ІСТЕГЕНД ЖАҚСЫ КӨРЕСІЗ БЕ? АВИАЦИЯ МЕН ҒАРЫШ САЛАСЫ БОЛМАҒАНДА, БАЯНДЫ ТАҒДЫРЫҢЫЗДА НЕ ТАҢДАР ЕДІҢІЗ?

Мен үнемі бірдеңемен шұғылданып, айналысқым келіп тұрады. Әр мамандықтың шырқау шегіне жетіп, биігінен қарай білген дұрыс деп санайтынмын. Сондықтан өзім ден қойған істің ыңғайын тауып, шын шебері болуға аянбай күш салдым. Мақтанып, асыра сілтегенім емес, бірақ та, токарь болып еңбек еткенде де, үздік маман ретінде алға оздым.

МЫНАДАЙ ƏЗІЛ БАР ЕМЕС ПЕ? «БІЗДІҢ ҰШҚЫШТАР БƏРІНЕН БҰРЫН ҰШҚАННАН ҚОРҚАДЫ. ӨЙТКЕНІ АВИЦИЯДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА ЖЕТЕ ҚАНЫҚ». СІЗ ДЕ ҚОРҚАҚТАЙСЫЗ БА?

Егер бойыңды үрей буса, ұшпай-ақ қойғаның абзал. Мен де ұшамын, бірақ сақтық танытамын. Ұшқан кезде ұшқыштардың шеберлігін сеземін: қынжылтатыны сол, елдің бәрі өз ісінің майталманы емес. Ұшу қабілеті мінсіз адамдар, әлемдік дәрежедегі әуе компанияларынан қазақстандық компанияға ауыспайды. Көңілім толмайтыны сол, белді әуе тасымалдаушылары келісімшартты ұзартқысы келмегендерді біз ақкөңілділікпен ала саламыз.

Фото дереккөзі: www.priru.kz

ҒАРЫШ ƏЛЕМІ ЖАЙЛЫ

БІР ҚЫЗЫҒЫ, СІЗДІҢ ҒАРЫШҚА КӨТЕРІЛГЕН УАҚЫТЫҢЫЗ БЕН АЛҒАШҚЫ АДАМНЫҢ ҒАРЫШҚА ҰШУ КЕЗЕҢІ ƏР БЕС ЖЫЛ САЙЫН ТҰСПА-ТҰС КЕЛІП ЖАТАДЫ…

Юрий Алексеевич Гагарин, бәлкім өзі аңғармаса да, Қазақстан Республикасын ғарыштық ел сипатында насихаттауға көмектесті. Ғарышқа адамзаттың сара жолын сала отырып, бұл ұлы адам есімін мәңгіге тарихта қалдырудан бөлек, қазақтың Байқоңыр ғарыш айлағының да даңқын алысқа жайды.

Ол кезде (1991 жыл – ред.еск.) таңдаудың маған түсуінде де терең мән бар шығар расында. Дәл сол шақта мен қазақ ұлтынан шыққан жалғыз сынақшы-ұшқыш болған едім. Сынақшы-ұшқыштың мәртебесі ғарышкер-ұшқыштан еш кем емес.

Тек ғарышкер есімі жария ұсталса, сынақшылар жиі көлеңкеде қалып жатады.
Сынақшы бұл төл өнер иесі секілді, біз ең озық деген технологиялық әрі техникалық тұрғыда ұшақтарды дүниеге әкеліп, олар дүниежүзіндегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға қалтқысыз қызмет етеді.

АЯСЫНДА СІЗ ҰШҚАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАҒДАРЛАМА ИННОВАЦИЯЛЫҚ БОЛЫП ЕСЕПТЕЛГЕН ЕКЕН. ДЕМЕК, ҚАЗАҚСТАНДЫ ҒЫЛЫМИ-ҚОЛДАНБАЛЫ СИПАТТАҒЫ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ БАСЫНДА ТҰР ДЕП АЙТА АЛАМЫЗ БА?

Иә. Қазақстан бағдарламасы ғарышты игерудегі ерекше айшықты туындылардың бірі еді. Егер бұрын барлық бағдарламалар әскери-қолданбалы астарға қарай түзілсе, біздің әзірлегенімізде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен медицинаға көңіл бөлінді. Өмірзақ Сұлтанғазин, Виктор Дрожбев, Нағима Айтқожина сынды көптеген ғалымдармен жұмыс істегенімді бақыт санаймын. Бірақ, ол тұста инновациялық жобамыз кеңінен таныла қойған жоқ еді. Бұл түсінікті де, әлі Тәуелсіздікке қол жеткізбеген едік.

БҮГІНДЕ ҚАЗАҚСТАНҒА ҒАРЫШТЫҚ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРДЕ АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДАН ТАБЫЛУҒА НЕ КЕДЕРГІ?

Қазақстанда бұл тарапта қыруар шаруа тындыру керек. Біріншіден, нақты ғылым болуы тиіс. Сонымен қатар, ғылым саласымен мұқият әрі тындырымды айналысқан абзал болады. Екіншіден, біз үшін технологиялық мемлекет болуға ұмтылып, күніне қырық құбылған заман ағымынан қалмай, төл технологиялар жасауға тырмысуымыз асқаралы міндет. Бүгін біз зымыран мен ұшақ түгілі, автомобиль жасамаймыз. Ал, жасау мен жинау ұғымдары мүлде екі бөлек дүние.

КЕЗІНДЕГІ ҒЫЛЫМНЫҢ БАЙ ҚАЙНАРЫ ҚАЙДА?

Кеңес үкіметі күйрегенде, ешкімде ғылымға қарайлауға мұрша болған жоқ. Бәрі жаппай бизнеске, заңгерлік пен экономист болуға жүгірді. Кейін қарманғанымызбен, кеш еді. Талантты ғалымдарға шетелдік компаниялар есігін айқара ашып, қазір көп мамандарымыз сонда істейді. Қазіргі құрал-жабдық пен техника, технология, барлығы Кеңес одағындағыдай емес, басқаша сипатта өндірілуде. Осы орайда осының бәрін түсініп, аражігін ажырататын мамандар тапшы. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасы дер кезінде пайда болды деп есептеймін. Дегенмен, мемлекет өзі аттандырған жастарға үйінде жұмыс тауып беруге қауқарсыз болып шықты. «Болашақ» арқылы оқығандардың біраз шоғыры шетелде қалып қойса, Қазақстанға оралғандардың біраз бөлігі жұмыс таба алмауда. Мен оны «Боинг» зауытына шақырылып, мені де көндіруге тырысқан өз ұлыма байланысты жақсы білемін. Алайда, Отанын қимай, қайтып келген балама әке ретінде ризамын. Бірақ… бұл жақта ол жұмыс таппай қиналды. Себебі, заңгерлер мен экономистердің санынан көз сүрінеді.

СІЗ ҒАРЫШКЕРЛЕР КӨПШІЛІК АЛДЫНДА ЖҮРЕДІ ДЕГЕНГЕ КЕЛТІРДІҢІЗ. АТЫҢЫЗҒА МЕКТЕПТЕР БЕРГЕНГЕ ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗ ЖƏНЕ ОЛ ЖАҚТАРҒА БАРЫП ТҰРАСЫЗ БА?

Бұл дұрыс та шығар. Себебі психологиялық-тәрбиелік мәні бар. Жастар мұндай мысалдарды көргенде, мен де арманыма қол жеткіземін деп бекінеді. Дегенмен Қазақстанның әр аймағында, шалғай елді мекендерде орналасқан олардың бәріне бірдей ат шалдыру мүмкін емес. Ыңғайы келіп жатса, міндетте түрде соғуға талпынамын. Бұл мектептерді басқаратын жандардың атымды өрендерді патриоттық баулуға дұрыс пайдаланып, «жетістікке жеткің келсе, жақсы оқып, оң көрсеткіштерге иек арт» деген қағидатты саналарына сіңіріп, бойларына құяды деген үміттемін. Өз басым, балалармен кездескенде, көздері шырадай жанып, ұл-қыздардың әңгімелерімді қызыға тыңдайтынын байқаймын. Балғындарға дұрыс үлгі бола білу керек.

СІЗ ДЕ БІРЕУЛЕРД ҮЛГІ ТҰТТЫҢЫЗ БА?

Әрине. Бірінші сыныпта оқыған кезімде, көрші дәрісханада Ольга Иосифовна деген мұғалім сабақ беретін. Ол кісі өте жақсы ұстаз әрі адам еді, балаларға мейіріммен, қамқорлықпен қарайтын. Біздің оқытушымыз ауырып қалғанда, оның орнына Ольга Иосифовна келіп, бүкіл сыныпты маңайына шырқ үйіріп әкететін. Тіпті тентектеу мінез танытып, оқуға сылбыр қарайтын менің өзім, сол кісі сабақ түсіндіргенде алға тырысып, айтқандарын мұқият тыңдайтынмын. Өйткені аяулы тұлғаның көңілін қалдырғым келмейтін.

Сондай-ақ, кітаптарды оқи отырып, өзім еліктейтін кейіпкерлердің құнды қасиеттерін ойыма тоқып, жаттап алатынмын. Қуаныштысы сол, соғыстан кейінгі жылдары Бигелдинов, Луганский, Әбдіров сынды нағыз батыр тұлғалар жайлы үзбей насихаттайтын. Сол жандарға еліктеудің арқасында, ұшқыш болуға бел байладым. Ал Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновпен жеке танысқан кезде, алып тұлғаның нағыз үлгі тұтатын жан екеніне көзім жетті.

СЫЙЛЫҚТАР ЖАЙЛЫ

СІЗ ҮШІН 70 ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕС ҚАНДАЙ МАҒЫНАҒА ИЕ?

70 жас – бұл өмірдегі белгілі бір толысқан шақ. Біріншіден Жаратқанға, екіншіден ата-анама алғысым шексіз. Кей кезде

ойға батқанда, 50 жаста бұл жалғанмен қош айтысқан әкем, 64 жаста көз жұмған анашым, біз сияқты ұрпағының ұзақ жасауына барша бойындағы қажыр-қайратын сарп етіп кеткенін ұғамын.

МҮМКІН БҰЛ СІЗДІҢ ҒАРЫШТАН АЛҒАН ҚУАТЫҢЫЗДЫҢ ƏСЕР ШЫҒАР?

Барлық ғарышкерлердің ол жақтан мол күш-қуат алатыны даусыз. Дегенмен, зиянды әсері де жеткілікті. Көбісі, денсаулығында ақау пайда болып, жүрек-қан тамырлары сырқаттарына ұшыраған.

Бірақ өмірге деген ынта-ықыласың, көзқарасың, ол басқа әңгіме. Өзім өмірге шексіз құштармын.

ҒАРЫШТА ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАСТАЙ ƏСЕР ЕТКЕН ЖАҒДАЙ БОЛДЫ МА? СОЛ БІР КЕШЕ ҒАНА БОЛҒАНДАЙ ҚАС-ҚАҒЫМ СƏТ ЕСІҢІЗДЕ МЕ?

Көбісі енді көкке көтерілген уақытты айтып жатады. Мен үшін жерге қонғандағы шақ айрықша есте қалды. Жерге қайтқанда денсаулыққа қатты әсер етіп, ұшуды біржола ұмыттырмайтындай күрделі үдерістер жүреді. Соққының қатты болатыны сондай, есеңгіретіп тастайды. Міне, сол қонар сәтте, жоғары кернеудегі электр тоғы сымының тым жақында екенін көрдім. Санамда суық ой зу етіп, құйқаны шымырлатып жіберді: «Жерге, үйге сонша қол созымдай, аз қалғанда, сонау ғарыштан аман оралғанда опат болып кетеміз бе?». Дегенмен, қырсық бізді айналып өтіп, сымға еш соқтықпадық. Бәлкім, бұл Құдайдың бізге үлкен сыйы болар.

Негізі, аңсаған азаттыққа енді қол жеткізгенде, ғарышқа ұшқанымды аса қастер тұтамын. Ғарышқа ұшып бара жатып, тәуелсіз мемлекетке айналғанымызға көзім айқын жетті. Ол кездегі ҚазКСР, яғни Қазақстан аумағындағы барлық зат Республиканың меншігі екенін жариялағанымызға бір жыл өтіп үлгерген-тін. Оның ішінде Байқоңырдағы зымырандар мен зымырантасығыштар да бар. Бұл еліміздің тәуелсіздікке біржола бет бұрғанының күмәнсіз айғағы еді. Тек өзімізде дербестік жариялауға дайындығымызды тосумен болдық. Дәл Қазақстан Республикасының аумағына, Тәуелсіздіктің барша әлемге жар салуынуы қарсаңында қонғанымды да жақсы ырымға баладым. Бірінші қазақ ұлының ғарышқа қадам басуының және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын ұлы оқиғалар. Тұңғыш ғарышкердің жөнелтілуі – кез-келген мемлекет тарихы үшін аса құнды алтын дәуір. Енді ғана аяғынан тік тұра бастаған жас Қазақ елі үшін, тіпті ғаламат сыйлық болғаны сөзсіз.

СІЗДІҢ ӨЗ БАСЫҢЫЗҒА ӨМІРДЕ ЕҢ БАҒАЛЫ ҚАНДАЙ СЫЙЛЫҚ ТАРТУ ЕТІЛДІ?

Мен өзім сый-сияпатты және сый жасағанды жақсы көремін. Осы тұста ең тамаша сыйлықты ұлым мен келінім жасады. Тимурым мен Динаражаным шекесі торсықтай немерем Тоқтарланды сүйгізді. 2014 жылдың 9 тамызы – өмірімдегі ең үлкен сый бұйырған сәт!

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика