«Отыр, бес!» немесе SKYTRAX рейтингі дегеніміз не?

ӘУЕ ЖЕЛІЛЕРІН БАҒАЛАУДА ЕҢ ҮЗДІК КІМ ДЕП ОЙЛАЙСЫЗ? ӘЛБЕТТЕ – ЖОЛАУШЫЛАР ЖӘНЕ… БРИТАНДЫҚТАР. АЛҒАШҚЫЛАРЫ ТҰРҒЫСЫНДА БӘРІ ТҮСІНІКТІ, СЕРВИСТІҢ ДЕҢГЕЙІН ТҰТЫНУШЫДАН АРТЫҚ ЕШКІМ БАҒАЛАЙ ҚОЙМАС. АЛ, КЕЛЕСІ КЕЗЕКТЕГІ БАҒАЛАУШЫ – БРИТАНДЫҚ SKYTRAX КОМПАНИЯСЫ ӘЛЕМДЕГІ ӘУЕ КОМПАНИЯЛАРЫ ҰСЫНАТЫН ҚЫЗМЕТТЕР САПАСЫН ЗЕРДЕЛЕП, ОЗЫҚ ҮЛГІЛЕРІН АНЫҚТАУДА.

Фото дереккөзі: twitter.com

Skytrax – 1989 жылы негізі қаланған, авиасервис саласын зерттеуге маманданған ықпалды консалтингтік ұйым. Аталмыш компания дүние жүзіндегі 210-нан астам әуе компаниясы мен 65 әуежайдың қызмет сапасы тұрғысында жолаушылардан тұрақты әрі жан-жақты дәрежеде алынған сауалнама арқылы талдамалы ақпарат әзірлеумен айналысады. Жолаушылар мен Skytrax бірлесе күш салуының арқасында әр авиация компаниясының, тіпті тұтас саланың даму келбетіне әсер ететін рейтинг түзіледі. Авиаторлар да өз кезегінде көрсеткіштерін жақсартуға, тиісінше жолаушылар сенімін иеленіп, өзіндік биік шыңдағы жүлдені еншілеуге ұмтылуда.
Жылына тек он әуе тасымалдаушысы үздіктер қатарынан табылып, «Скайтракс Ворлд Эйрлайн Эвордс» (Skytrax World Airline Awards) марапатын олжалайды. Skytrax әуе компаниялары мен әуежайлардың қызметін бағалаудың ең жоғары шегі бесеуден тұратын «жұлдыздар» санымен бағалауда. Қоржынындағы жұлдызы екеуден аз компаниялар мен әуежайлар қызмет көрсету сапасының нашарлығын байқатса, үш жұлдыздылары қанағаттанарлық сатыда деп есептеледі. Төрт жұлдыз сервистің жақсы сапасын аңғартса, бес жұлдыз қызметтің мінсіздігін дәйектейді екен. Осы орайда, рейтинг аясында, небәрі алты әуе компаниясы мен үш әуежай бір уақытта бес жұлдыздың бесеуін де иемдене алады. Әлем бойынша саны 18 миллионға жуықтайтын сұралушы респонденттер өздерінің ойынша ең мықты әуе компаниясына дауыс берсе, жолаушылар бірқатар талаптар ауқымындағы келесідей шарттарға сүйенеді:

• Ақпараттың қолжетімділігі, билетті онлайн-броньдаудың ыңғайлылығы, ғаламтор арқылы отыру талонын алу мүмкіндігі және өзге де онлайн-қызметтер
• Рейске тіркелу, бортқа міну жылдамдығы мен тиімділігі
• Ұшақ салонының жағдайы, безендірілуі, тазалығы
• Борттағы көңіл көтеру амалдары
• Экипаждың киім үлгісі, жолаушыларға көзқарасы, жұмыстарының тиімділігі
• Борттағы тамақтанудың сапасы
• Креслолардың қолайлылығы
• өзге де шарттар.

Жыл сайын жүргізілетін сауалнама нәтижесін компанияның ресми сайтынан көруге болады. Төмендегі кестеде Skytrax нұсқасы бойынша соңғы 10 жылдағы үздік әуе компаниялары келтірілген

Назар аудартатыны сол, жүлделі орындар еуропалық компанияларға емес, шырайлы Шығыс пен қонақжай Азия елдерінің өкілдеріне бұйыруда. Қазақстандық әуе компаниялары арасында Skytrax рейтингінде «Эйр Астана» табысты қызметімен көзге түсуде. Бұл әуе компаниясы ТМД аумағында тұңғыш рет халықаралық нарықта мойындалып, төрт жұлдызбен жарқырады. Сонымен қатар, «Эйр Астана» «Орталық Азия мен Үндістандағы үздік әуе компаниясы» аталымында Skytrax World Airline Awards сыйлығын бірнеше рет иеленген.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика