Нұрлан Жұмасұлтанов: “Жұмысты жарнамалау емес, істеу керек”

2016 жылдың алғашқы жартысында «BekAir» əуе компаниясының жалпақ жұртты қуантқан жарқын да игі жаңалықтары аз болмады. Азаматтық авиация комитетімен арада туындаған даудың сотта оңтайлы шешілуі, «Қызылорда-Астана» рейсіне байланысты жағдай, ақыр соңында пилот Родин деген азаматтың ҚР Президенті қолынан марапат алуы… Міне, осының бəрі қоғам тарапынан жіті назарда ұсталып, БАҚ бетінде жарыса жазылып жатты.

SKY Magazine сауалды төтесінен қойды: Аталған əуе компаниясына қоғам мен масс-медиа тарапынан зор қызығушылық танытылуы – əдейі ойластырылған пиар-стратегия болды ма əлде тағдырдың жазғаны осы ма? Бұл мəселелер туралы «BekAir» əуе компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Төлеубайұлы Жұмасұлтановпен сұхбат барысында əңгіме өрбіді.

BEKAIR АТЫНА ҚАТЫСТЫ АҒЫМДАҒЫ ЖЫЛДЫҢ БІРІНШ БӨЛІГіНДЕ ОРЫН АЛҒАН ОҚИҒАЛАР «ОРНЫНДА БАР ОҢАЛАР» ДЕГЕН НАҚЫЛДЫҢ БЕКЕР АЙТЫЛМАҒАНЫН КӨРСЕТКЕНДЕЙ. ƏР ЖАҒДАЙДАН ҚАРАМАҒЫҢЫЗДАҒЫ ƏУЕ КОМПАНИЯСЫ АБЫРОЙМЕН ШЫҒЫП ОТЫРДЫ. ҚАЛАЙША?

Бұл жерде компания ұжымының айрықша рөлі атап өтерлік. Қызметкерлеріміздің кәсіби және өндірістік бабынан таймауы ахуалды оңалтуға септігін тигізді. Әлбетте жеке өз басым да барлық болып жатқан жайттарға үнемі мұқият көңіл бөлуге күш саламын.

Бұған дейін жинаған тәжірибеден аңғарғаным, кез-келген тығырықтан шығуға болады. Оның теріс жақтарымен қоса, артықшылықтары да қыр астынан қылтияды. Егер сауатты қимылдасаңыз, қайсының болсын оң пайдасын сезіп, қажет арнаға бұру әбден мүмкін дүние.

BEKAIR ҚЫСЫЛТАЯҢ СƏТТЕ СҮРІНБЕУДІҢ ШЕБЕР НЕ АЙНАЛҒАНДАЙ. МƏСЕЛЕН, «ҚЫЗЫЛОРДА-АСТАНА» БАҒДАРЫНДА САМҒАҒАН ҰШАҚТЫ АСҚАН БАТЫРЛЫҚПЕН ҚОНДЫРА БІЛГЕН ҰШҚЫШТАРҒА ТОҚТАЛСАҚ. СОЛ КЕЗДЕ СІЗДІҢ КОМПАНИЯ ЖЫЛДАМ ƏР СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДА ДƏЛ ƏРЕКЕТ ЕТІП, БАҚ БЕТІНДЕ ОҚИҒАНЫҢ МƏН-ЖАЙЫН ЖАН-ЖАҚТЫ ТҮСІНДІРІП БЕРДІ. ШАПШАҢ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАП, БАЙЫПТАУҒА ҚАЛАЙ ҮЛГЕРДІҢІЗДЕР?

Оқиға жайлы хабардар болған бетте командамыз жарты сағат ішінде жиналып, бірден талқыға салдық. Ең бірінші экипаждың іс-қимылының оңы мен солын айқындадық. Ұшақ алдыңғы шассисіз отырған кезде, оны кенеттен тоқтатуға болмайды. Әйтпесе қатты соққыдан әуе көлігі зақымданып, жолаушылардың денсаулығы зардап шегетіні және де жүйкеге жағымсыз әсер алу қаупі төнетіні анық еді. Сондықтан тиісті пилот сәйкес жағдайда салқынқандылықтан айнымай, жылдамдықты ұшақ тұмсығын соққы алмайтындай жерге жұмсақ тигізетіндей бір қалыпта ұстауы қажет болды. Осы орайда Родин мен оның тобы барлық істі дұрыс бажайлап, терең ақылға жүгінді. Әуе машинасы асфальтты бауырымен сызып, шықырлаған дыбыс шыққаны рас. Бірақ бортты күйретіп, быт-шыт қылатын соққы болған жоқ. Кейін сарапшылар да экипаждың жоғары деңгейін мойындайтындықтарын жеткізді. Ұшақ құрылымындағы бірде-бір күштік құрал бүлінбеді. Тек сырты ғана болмаса. Бұл дегеніңіз, пилот сын сағатта сасқалақтамай, шұғыл қимылдап, ұшақты барынша аз шығынмен, жолаушыларға мүмкіндігінше қауіпсіз жағдайда қондырған.

Әрі қарай біз былай ойластырдық: ұшақ шассиінің шықпай қалуының себебі, қандай әуе компаниясына тиесілігіне, жасаушы зауыттың қандай екеніне қарамастан, техникалық жарамсыздық екені шүбәсіз. Оның екі түрі белгілі. Мысалға – ұшақты дұрыс қолданбаған жағдайда пайдаланым барысындағы ақау туындаса, өндірістік жағында өнімді жасау кезінде белгілі бір қателіктер жіберіледі. Әуе компаниясы бастапқы олқылықтарға жауап берсе, зауыт салғырттығы әуе тасымалдаушысының құзырына кірмейді. Родин экипажы басынан кешкен жағдай, дәл сол зауыт кінәсі.

Алайда, жолаушылар жарамсыздық неден болды деп жатпайды ғой. Ең бастысы біздің оларға ұшу сапарында қауіпсіздікті толық қамтамасыз етуіміз. Осы себепті BekAir өз пилоттарының біліктілігін көтеруге үнемі көңіл бөліп отырады. Жарты жыл сайын экипаж құрамдарын Амстердамдағы жаттығу орталықтарына жөнелтеміз. Онда барлық алдыңғы яки арты шассисіз қону сияқты ықтимал қысылтаяң деректер түгел таразыланады. Пилоттың мақсаты біреу – қандай жағдайда болмасын ұшуды қауіпсіз сипатта аяқтау.

BEKAIR ƏУЕ БИЛЕТТЕРІНЕ ТӨМЕН БАҒАСЫМЕН НАҒЫЗ ХАЛЫҚТЫҢ СҮЙІКТІ КОМПАНИЯСЫНА АЙНАЛҒАНДАЙ. БҰЛ ЖЕРДЕ НЕНДЕЙ АМАЛ ОЙЛАП ТАПТЫҢЫЗДАР?

Мен көп жыл қалың бұқараның әр қадамын екшеп, мұң-тілегіне құлағын түрік ұстайтын, наразылықтар ошағын анықтауға әрдайым сақадай сай ұлттық қауіпсіздік орындарында қызмет еттім. Бейнебір сырқат тұстарды бірден біліп, диагноз қоятын тамыршы іспетті. Өзім онда дәл осы авиация мәселелеріне ден қойғандықтан, BekAir қызметін ширатуда қатардағы жолаушылардың сұранысын қанағаттандыруға басымдық таныттым. Сөйтіп, бүгінде оның жемісін, адамдардың лайықты бағаланғанын көрудеміз.

Фото дереккөзі: www.alimzhan.blogspot.com

СІЗДЕРДІ ХАЛЫҚПЕН ТЕК ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМДІЛІК ТҰРҒЫСЫНДА ҒАНА БАЙЛАНЫС ОРНАТТЫ ДЕСЕК, ҚАТЕЛЕСЕРМІЗ. ОЛАЙ ДЕЙТІНІМ, BEKAIR БАҚ БЕТІНДЕ ДЕ ЖОҒАРЫ БЕЛСЕНДІЛІККЕ ИЕ. БҰЛ ДА БІР КӨЗДЕЛГЕН САРАБДАЛ МІНДЕТ ПЕ?

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы өз орнымызды еншілеуде тым асыра сілтемеуге тырысамыз. Жаңалық болса, қанеки?! Бірден қоғам назарына паш етеміз. Ұшағымызға жиі мініп, бізге өмірлерін сеніп тапсыратын дүйім жұрт BekAir жайлы көбірек білуге де құқылы деп санаймын.

Сайтымыздан тыс, әлеуметтік желілерде аккаунттарымыз ашылған. Сонда ақпаратты түгел таратып, тыныс-тіршілігімізді қал-қадірінше әңгімелеп, ұғындыруға ұмтыламыз. Шасси шықпай қалғанда да солай болды. Дереу сайтқа материал орналастырып, егжей-тегжейлі түсіндірдік. Өйткені, олай істемесек, неше түрлі ақылға қонымсыз дақпырттар мен сыбыстар қаптап, ақ-қараны ажырату қиынға соғар еді.

АЙМАҚТАҒЫ ЕҢ КҮШТ ƏУЕ ТАСЫМАЛДАУШЫСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРҒЫМЫЗ КЕЛЕД . БАСТЫ МАҚСАТ – ҚАЗАҚСТАН ҚАЛАЛАРЫН БАРЫНША ƏУЕ БАҒДАРЛАРЫМЕН ЖАЛҒАУ

ДЕМЕК PR-БАҒДАРЛАМАРЫҢЫЗ ДАЙЫН ТҰР ҒОЙ?

Ешқандай PR-бағдарлама атымен жасалмаған. Жұмысты жарнамалау емес, істеу керек. «Арық айтып, семіз шыққан» абзал жалпақ тілмен айтқанда.
Бізге басы артық жарнама немесе пиар қажет емес. Қазақстандағы әуе тасымалы нарығы шартты түрде баяғыда бөлініп қойған. Әр компанияның өз қызмет аясы, жолаушылар тобы түзілген. Біреулер орташа сынып пен одан жоғары санатқа қызмет көрсетсе, біздікі орташа мен одан төмен. Ойымды ауыз-екі тілде сабақтасам, біздің жолаушы – кешегі пойызда жол жүріп әдеттенген жан. Бүгінде болса, ол, бізді таңдаған. Өйткені, сол ақшаға дерлік діттеген жерге екі-үш күн жоғалтпай, небары екі сағатта жетуге болады. Бұл тамаша емес пе?!

ƏРИНЕ ҚУАНТАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ. ДЕГЕНМЕН, ПИЛОТТАРДЫ ҰДАЙЫ ОҚЫТЫП, ШЕБЕРЛІГІН ШЫҢДАП ОТЫРУҒА АҚШАНЫ ҚАЙДАН АЛАСЫЗДАР ДЕГЕН ОЙ ТУЫНДАЙДЫ КӨКЕЙДЕ…

Біздің компанияда бірде-бір шетелдік қызметкер еңбек етпейді. Барлық пилоттар мен инженерлер және бортсеріктер – Қазақстан Республикасының азаматтары. Бұл BekAir бұлжытпай ұстанатын берік қағида. Бірінші өз отандастарымызды жұмыспен қамтып алғанымыз ләзім.

Шетелдіктер бізге біліктілігін көтеруге келіп жатады десе болады. Қосалқы пилот дәрежесінен командирлікке дейін өсіп, қазақстандық пилоттардан көп жалақы алады. Біздің мамандардың олардан қай жері кем? Онда неге өзіміздің пилоттарымызды төбеге көтермейміз? Жалақыларын неге жоғарылатпаймыз? Бұл дегеніңіз тұрмыстың жақсаруы, отбасыларының ауқатты өмір сүруі, авиация мен тұтас ел экономикасының гүлденуі ғой! Отанын ыстық ұядай көретін адам, онда өзін қадірлейтінін сезінсе, басқа жаққа ат басындай алтын берсе де бармайды.

Төрт жылда 10-ға жуық командирді баулыдық. Өз адамдарымызды тәрбиелеп шығардық. Сондықтан бізге келуге әріптестеріміз құштар. Ал, оқуға арнайы бөлек бюджет жасақталатындықтан, артығымен жетеді.

БЕС ЖЫЛДАН СОҢҒЫ КОМПАНИЯ БЕЙНЕСІН КӨЗІҢІЗГЕ ҚАЛАЙ ЕЛЕСТЕТЕСІЗ?

Аймақтағы ең күшті әуе тасымалдаушысын қалыптастырғымыз келеді. Басты мұрат – Қазақстан қалаларын барынша әуе бағдарларымен жалғау. Дегенмен, дағдарыс салқыны да өз дегенін істеуде. Кей тұста жылдам әрекет етсек, кейбір сәтте қарқынымыз баяулағанымен, мүлде тоқтап қалмайтынын ескерткен жөн. Көп нәрсеге қол жеткіздік. Нарықтағы беделіміз нығайды. Бастапқыда көздеген алты әуе кемесінің саны жетеуді төңіректеді. Ендігі шақта қолданыстағы паркті 12-ге дейін молайтқымыз келеді. Бір ұшақ әрдайым резервте, техникалық қызмет көрсетуде тұрғанын қалаймыз. Сонда нашар ауа райынан жіпсіз байланып, дағдармаймыз.

МАҚСАТҚА ЖЕТУДЕ АЯҚТАН ШАЛЫП, БӨГЕЙТІН КЕЛЕҢСІЗДІКТЕР БОЛУЫ МҮМКІН БЕ? ДОСТАРЫҢЫЗ КӨП ПЕ ƏЛДЕ ЖАУЛАРЫҢЫЗ БА? ӨЗГЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ƏУЕ ТАСЫМАЛДАУШЫЛАРЫ – СӘЗДЕРГЕ БƏСЕКЕЛЕС ПЕ ƏЛДЕ ЖАЙ ƏРІПТЕС ПЕ?

Қырсықтың кенеттен килігетіні аян. Сондықтан кім, қандай жағдайда соқтықты деп қарап жатпайсың да. Сан алуан жағдайлар жолығуы мүмкін. Атап өтерлігі, біздің жауымыз жоқ. Ал, досымыздың қарасы қалың. Әсіресе, әуежайлармен жақсы қарым-қатынастамыз.

Басқа әуе компаниялар, ірісі болсын, шағыны болсын, бізге серіктес саналады. Бәсекелестік бар, бірақ қалыпты әрі дұрыс бағытта бақ сынасамыз. Бір салада жұмыс істеп, табыс тапқандықтан, өзара сыйластықтан ажырамай, бір-бірімізге көмектесіп отыруға талпынамыз. Родин экипажымен болған жағдай барысында, барлық әуе компаниялары жұмыла қолдау білдірді. Өйткені, «дүние алма кезек» демекші, ондай оқиғадан ешкім түбегейлі сақтандырылмаған.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ƏУЕ КОМПАНИЯЛАРЫ ТҮГЕЛДЕЙ ТАТУ ҚАТЫНАСТА ЕКЕН ЖАҚСЫ ЕКЕН. СОНДА ДА ӨЗІМІЗДІ ҚЫЗЫҚТЫРҒАН САУАЛДЫ ҚОЙМАЙ КЕТКЕН ЖӨН БОЛМАС. СІЗГЕ ЖАЛҒЫЗ ӨЗ ƏУЕ КОМПАНИЯҢЫЗДЫҢ ӨРЛЕГЕН МАҢЫЗДЫ МА, ƏЛДЕ ТҰТАС АВИАЦИЯНЫҢ ҚАРЫШТАЙ ДАМЫҒАНЫН ҚҰПТАЙСЫЗ БА?

Авиацияның дамығаны керек, бірақ бәрінен бұрын еліміздің көркейе бергені абзал.
Ел экономикасы тұрақты өсімнен айнымаса, әр адам мен оның отбасының орнықты тіршілік етуіне, лайықты зейнетақы мен қаржы жинауына кең жол ашылады. Содан бүгінгі атқан таң мен ертеңгі жарқын болашаққа сенім де кемелдене түседі. Адамдардың қолы босап, артық ақшасы пайда болып, саяхатқа ұшуға құмартады. Еуропа елдеріне қараңызшы, туризм саласы қалай гүлденуде? Студенттер мен зейнеткерлер, қатардағы адамдар отбасы болып түрлі елдерді армансыз аралауда. Менің де басты арманым сол, қазақстандықтар көп ұшып, саяхат жасаса деймін.

Сұрақтың тікелей өзегіне ойысар болсақ, экономикасы мықты мемлекеттің авиациясы да қуатты. Ал, әуе компаниялары болса, саламен бірге дамиды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика