Киттер де көкте қалықтайды…

  • –  Неге елдің бәрі киттерді жақсы көреді?–  Қалай сонда?–  Олар туралы өлеңдер жазылып, фильмдерге атаулар беріледі. Неге киттер сонша құрметтеледі?–  Өйткені, киттер, бұл – арман белгісі.–  Түсінбедім…

    –  «Киттер судан аспанда самғау үшін секіреді» деген аңыз естіп едім. Бұл олардың аңсаған арманы екен. Олар судан әр секірген сайын қайта су бетіне соғылғанымен, қайталай береді. Орындалмас армандарына өршелене ұмтылады. Демек, кит – қиялға қанат бітірген ақ арман…

    (Ел аузында кең таралған тәмсіл)

Жыл сайын 23 шілде күні біздің Жер-анамыз Бүкілəлемдік киттер жəне дельфиндер күнін атап өтеді (World Whale and Dolphin Day). Бүл мереке, 1986 жылы, Халықаралық кит аулау комиссиясы 200 жылдық қатыгез қырғыннан соң кит аулау кəсібіне тыйым салған күні бекітілген.

Осындай елеулі күн қарсаңында редакциямыз олардың арманы ақыры орындалғанын, нағыз ұшу сапары орын алғанын жеткізеді. Қате естіген жоқсыз, адамдар киттерді ұшуға үйретті (кәдімгідей болмаса да). Танысып қойыңыздар, A300-600ST (Super Transporter) немесе Airbus Beluga.
Алғаш қараған кезде еріксіз, «бұл дүние ұша ма өзі?» деген ойға берілесің. Алып машина үлкен өлшемдерімен таңдай қақтырса да, қорқынышты деп айту қиын – бейнебір сүйкімді алып теңіз жануары секілді, алайда балықпен қоректендірудің қажеті жоқ.

Ұшақ сыртқы кескіні кит-белуханы еске түсіргендіктен, сондай атауға ие болған (ағылш. Belugа). Бастапқыда лайнерге мұндай атау таңуды ойламапты. Дегенмен, жағдай өздігінен солай қалыптасып, өзгеше техниканы көргендер, бірден оны китке ұқсатқан.

A300-600ST Beluga – ірі қалыптағы жүктерді тасымалдауға арналған кең фюзеляжды әрі реактивті көлік ұшағы. Оқтың үшкір тұмсығы сияқты қанаты және бір килді тіреуі бар, қос моторлы төмен ұшатын көлік. Қазіргі уақытта мұндай барлығы бес ұшақ шығарылып, барлығы негізінен Airbus компаниясының қолданысында кәдеге жарауда. Алайда, оларды жалға алуға болады және бұл мүмкіндікті неміс әскерилері бірнеше рет қолданған. Бірақ өндіруші өз «киттерін» бөгде тарапқа сатқысы келмейді. Бір кездері жалқы ұшақтың американдық FedEx пошта компаниясына саудаланатыны туралы сыбыс тараған. Осы орайда әуе көлігінің әрі қарай өзге авиа-жасаушы тарап, Boeing компаниясына сатылатыны жайлы дақпырттың жылт еткені сол, келісімшарт дереу бұзылған. Басты себеп те сонда, «Белуганы» өз аумағында «жүзетіні» айқындалып, адам ақыл-санасының мінсіз өнімін өзге бәсекелеске беруге болмайтыны нығарланды. Бұл алыптың дүниеге келу сыры неде? Сөйтсек, ұшақтар шығаруға арналған Airbus зауыттары әлемнің әр түкпірінде орналасқан. Компания кәсіпорындары Еуропаның көптеген елдерінде бар. Негізгі өндірістік қауқар Германия мен Францияда, Испания мен Ұлыбританияда шоғырланған. Ұшақтың түпкілікті жинастырылуы Германияның Гамбург және Францияның Тулузе қаласындағы компания зауыттарында жүргізілуде. Төрт елде шығарылатын авиалайнер бөлшектері, түпкілікті құрастырылу үшін ауа қатынасы арқылы бас зауыттарға тасылады. Міне осындай шұғыл жеткізулер үшін A300-600ST Beluga ұшағы жасалған. Бір қарағаннан алып, оғаш әрі қымбат ұшақты өзге ұшақтарды тасу үшін шығару қисынсыз тәрізді көрінетіні белгілі. Әйткенмен бәрі бүге-шігесіне дейін ойластырылған. 1990 жылдары Airbus компаниясы зауыттары жұмысының қарқынды болғаны сонша, алғашқы Beluga ұшағы аптасына 60 рет ұшып, компанияның 11 зауытын жалғаған. Айына бұл ұшақ 250 ретке дейін көкке көтеріле алған.

Фото дереккөзі: https://www.techcult.ru

Өзгеше көлік тасымалдаушы, A300 жолаушылар ұшағын шығаруға қолданылған кең фюзеляжды планер үлгісінде, Airbus компаниясының мамандары қолымен дүниеге келген. Көлік ұшағы пилоттарының кабинасы А300-600 ұшағындай толық ұқсас екен. Басындағы секция экипаждың ұшып бара жатқандағы және жердегі аялдамада жайлы жұмыс істеуі үшін барлық дүниелермен жарақталған. Анығырақ тоқталсақ, мұнда жүкті алып жүрушілерге екі орындық, ұйқтайтын каюта, дәретхана, тіпті шағын ас бөлме орналасқан. A300-600ST Beluga-да General Electric CF6-80C2A8 қозғалтқышы қойылған.

ҰШАҚҚА ТОЛЫҚТАЙ 47 ТОННА САЛМАҚҚА ЖЕТЕТІН ЖҮК АРТҚАН ЖАҒДАЙДА, ƏУЕ МАШИНАСЫ САҒАТЫНА 750 ШАҚЫРЫМ ЖЫЛДАМДЫҚПЕН 1700 КМ ҚАШЫҚТЫҚТЫ ЕҢСЕРЕ АЛАДЫ. ЖАРТЫЛАЙ 26 ТОННАҒА ТОЛТЫРҒАНДА, САПАРДЫҢ ЖОҒАРҒЫ ШЕГ 4600 ШАҚЫРЫМҒА ЖЕТПЕК

Қазір Airbus келесі көлік үлгісін Airbus A340 ауқымында жасаумен шұғылдануда. Себебі, 20 жылдан астам ұшатын «киттер» флотының пайдаланым қоры таяу арада түгесілгенімен, ауыр жүктерді тасымалдауға сұраныс бәрібір қала бермек. Жаңа буындағы супер-тасымалдаушының алғашқы даналары аспанды 2019 жылы шарлап, қолданыстағы Airbus A300-600ST тарапымен ол зейнетке біржола аттанғанша қатар жұмыс істемек. Бұл дегеніңіз, 2025 жылдың маңайы.

ДЕРЕК:

Ұзындығы – 56,15 м
Биіктігі – 17,24 м
Құлаш сілтеуі – 44,84 м
Қанат алаңы – 122.40 ш.м
Корпусының диаметрі – 3,92 м и 7,1 м (жүк бөлігі) Жүк бөлігінің көлемі – 1400 текше м

Салмағы:

ұшатын – 155 тонна
бос – 86 тонна
жүктің барынша салмағы – 47 тонна
қозғалтқыштар – екі General Electric CF6-80C2A8 Жылдамдық – 750 км/сағ
Ұшудың барынша алыстығы – 2800 км (жүк 40 т) және 4632 км (жүк 26т)
Тәжірибе жүзіндегі шек – 10700 м
Экипаж – 2 адам
Жасалған – 5 дана

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика