Камила Камназарова

ҚАЗАҚСТАНДА 2016 ЖЫЛҒЫ 28 МАУСЫМДА ЖУРНАЛИСТИКА КҮН МЕРЕКЕЛЕНГЕН БЕЛГІЛІ. SKY MAGAZINE ДЕ БҰЛ ОҚИҒАНЫ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛДЫРМАЙ, НАҒЫЗ ӨЗ ІСІНІҢ МАЙТАЛМАН МАМАНЫ, САЛА ӨКІЛІ, ƏРІПТЕСІМІЗ КАМИЛА КАМНАЗАРОВАМЕН СҰХБАТТАСҚАН ЕДІ.
КАМИЛА «KAZAKH TV» ТВ-АРНАСЫНЫҢ ШЕФ-РЕДАКТОРЫ БОЛЫП ІСТЕЙДІ ЖƏНЕ ДЕ ТЕЛЕДИДАР ЭКРАНЫНА 2015 ЖЫЛЫ ЖОЛ ТАРТЫП, БҮГІНДЕ АВИАЦИЯ ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ЕҢ АҚПАРАТҚА БАЙ БАҒДАРЛАМА БОЛЫП САНАЛАТЫН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АВИАЦИЯ ЖАЙЛЫ «PRIORITY PASS» БАҒДАРЛАМАЛАР ЦИКЛЫНЫҢ АВТОРЫ.

КАМИЛА, СІЗ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АВИАЦИЯ ТУРАЛЫ БІРАЗ БАҒДАРЛАМА ТҮСІРІП ҮЛГЕРДІҢІЗ. НЕГЕ БҰЛ БАҒЫТТЫ ТАҢДАҒАНЫҢЫЗДЫ АЙТСАҢЫЗ?

Бұл жерде біз қазақстандық әуе айлақтарының барлық халықаралық стандарттарға сай келетінін және міндетті қауіпсіздік талаптарына толық жауап беретінін көрсетуді мақсат тұттық. Себебі мұндай жайттардың мемлекеттің инвестициялық қана емес, туристік тартымдылығына да тікелей әсерін тигізетіні аян.

АВИАЦИЯ ЖӨНІНДЕ КӨРЕРМЕНГЕ НЕНІ КӨБІРЕК КӨРСЕТКІЛЕРІҢІЗ КЕЛДІ?

Күнделікті әлемдегі сан мыңдаған адам шаруаларымен ұшаққа мініп, сапар шегумен болады. Баршамызды әуежай қақпасы құшақ жая қарсы алып, шығарып салады. Мыңдаған адам қауіпсіз ұшуымызды қамтамасыз етеді. Олар кім және қалай жұмыс істейді? «Priority Pass» жобасында еліміздегі әуе айлақтарының ішкі мазмұнын тереңірек көрсетіп, әңгімелеуге тырыстық. Біздің түсірілім тобымыз арқылы бағдарлама көрермендері «Қызметтік жай» деп жазылған есіктен «сығалай» алды. Сенімділік пен жайлылық жағдайын кім қамдап, төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне жеткізуге кім жәрдемдесетінін білді. Бағдарлама желісінде көрермен қауымды, бәрінен бұрын, ұшу қауіпсіздігіне жауапты адамдармен таныстыру көзделді.

МАҚСАТТАРЫҢЫЗ ОРЫНДАЛДЫ МА? ҚАЖЕТТ МАҒЛҰМАТТЫ ОЙДАҒЫДАЙ ТАРАТА АЛДЫҢЫЗДАР МА?

Әрине үнемі уақыт пен қызметіміз үндестік тапты деу қиын. Авиацияның ең маңызды дүйім жұрт құрметтейтін қыры қандай еді? Ойыңызды айтпай ұқсам, дәлдік пен уақтылы межеден ауытқымауы. Бұл салада әр минут санаулы, екшеулі. Сондықтан қойылымдық түсірілімдер жасауға мұрша болмады. Басым бөлігінде көз алдымыздағы қайнаған тыныс-тіршілікті таспаға онлайн тәртіпте жаздық. Әлбетте, құпияның түгеліне дерлік қанығып, қолмен ұстауға мүмкіндік туған жоқ (күледі). Өйткені, қатаң қауіпсіздік қағидатын бұлжытпай сақтау керек. Біз де алдын ала жағдайды тым әсірелеп, бояуын баттастырудан бойымызды алшақ ұстап, экшннан аулақ болуға келістік. Бастысы көрермендерге ұшақ борты мен ұшу аумағынан тыс жерлердегі қарапайым еңбек адамдарының жұмысын, сүйікті ісін жантәнімен аялай орындауын сезіндіру еді. 8 бағдарламалы «Priority Pass» жобасының әр көрсетілімінде қал-қадірінше сан алуан қызметтер мен бөлімдердің іс-қимылы төңірегінде сыр шерттік.

Priority Pass жобасының фотосуреті

АВИАЦИЯ СИҚЫРЫ БІР БАУРАҒАН ЖАНДАРДЫҢ ОЛ КЕҢІСТІКТЕН ШЫҚҚЫСЫ КЕЛМЕЙ ҚАЛАТЫНЫН БІЛЕМІЗ. СІЗГЕ АВИАЦИЯ ƏЛЕМ НЕ ЕНУ ҚЫЗЫҚТЫ БОЛДЫ МА?

Сөзсіз өте қызықты болды! «Kazakh TV» арнасының түсірілім тобының арқасында бір ғана ұшақты баптау әрекеттеріне 30-дан астам қызмет жұмылатынын білдік. Жолаушыларды ақпараттық-анықтамалық дерекпен қамтамасыз ететін әуежайдың өндірістік-диспетчерлік қызметінің жұмысы тәнті етті. Күн сайын орташа алғанда 50 000 адам, ақпараттық жарық-диодты дисплейдің әр жағынан көрінбейтін диспетчер мамандардың көмегіне жүгінеді екен. Қаптаған кестелер мен сандар, клиенттер тарапына толыққанды мағлұмат ұсыну осы қызмет еңбеккерлерінің діттеген міндеттерінің бір тармағы. Сонымен қатар, оларға жақындап қалған ұшақтар жайлы ақпарат жан-жақтан рейстер экипаждарынан құйылады. Бұл дегеніңіз, аталған жандардың қолындағы мағлұматтың бағасы зор. Сондай-ақ, техникалық-сервистік қызмет түрлерінің ұшақты көктегі сапарға қалай мұқият әзірлейтінімен таныстық. Барлығы біртұтас ағза сияқты қалтқысыз жұмыс істейді.

Осымен бірге, аспанға көтерілу немесе жерге қонудың қаншалықты жұмсақ орындалатыны тек пилот шеберлігіне ғана емес, әуе кемесінің жағдайына, ұшып-қону жолағының сапасына да байланысты екенін түйсіндік. Бір қарағанда қарапайым жолдың әдеттегіден бөлектеу көрінетіні, жолаушылар бойынша қызығушылық тудыратыны анық. Бірақ іс жүзінде бұл ұшақ «соқпақтарының» да кескін-келбеті әр түрлі. Ұшып-қону жолақтары ұзын немесе қысқалау, кең яки тар болатыны, қалыптағыдан өзгеше, тіпті айрықша мәндегі сипаттағылары жолығатыны айтылды. Мәселен, әңгіме барысында түсінгеніміз, француздық Альпі тауларындағы биікте, еңістіктегі бетінде орналасқан ұшып-қону жолағы дүние-жүзінде қатерлігі жағынан 7-ші болып есептеледі екен. Гибралтардағы ұшу жолағын жергілікті қаладағы ірі автомобиль жолы кесіп өтуде. Әркез ұшақ ұшқанда не қонуға бет алғанда көлік жолын жабуға құзырлы орындар мәжбүрлік танытуда.

Өзімізге сондай ыстық Алматыдағы екі ұшып-қону жолағының бірі ауа райы қатты нашарлап, көзге түрткісіз болғанда да ұшақтарды қабылдай алатынын біліп, таңғалдық. Себебі, сәйкес ұшақ жолы толықтай 3 B IKAO санатына сай келетіндей жарақталыпты. Айтпақшы, ТМД-да бұл жалғыз осындай алаң. Дәл осы жерге көптеген пилоттар, біліктілігін дәлелдеп, мәртебелі дәрежеге қол жеткізу үшін өздері тізгіндеген ұшақтарды қондыруды армандайды екен.

Сайып келгенде, түсірілім барысында авиация саласы жайлы айтып тауысу мүмкін емес көп нәрсе білдік. Анығы, көзім жеткені, өзім де бұрын ойламағандай, қауіпсіз әрі тыныш ұшу сапарының бір секундында да қырағы назардан тыс қалмайды екенбіз. Мұндай көзге көрінбес күзетті еш сезбейміз де.

БАҒДАРЛАМА ТҮСІРІЛІМ МЕН АЙНАЛЫСА ЖҮРІП, АВИАЦИЯ ƏЛЕМІНЕН ӨЗІҢІЗГЕ ЖАҢАЛЫҚ АША АЛДЫҢЫЗ БА? «ӨМІРГЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫМ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРГЕН КҮЙ КЕШТІМ» ДЕП ЖАТАДЫ ҒОЙ МЫСАЛЫ…

Ұшақтың ең қауіпсіз көлік түрі екеніне көзім жетіп, ұшу кезінде бойымды буатын үрейден арыла бастадым.

БІЗДІҢ ЖУРНАЛ ҮШІН ДЕ АВИАЦИЯҒА ЖЕТЕТІН ЕШТЕҢЕ ЖОҚ. АЛ, СІЗДЕРДЕ БҮГІН ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУ НЫСАНАСЫНА ҚАЙ САЛА ІЛІГІП, НАЗАРДА ҰСТАЛУДА?

Өз басым, әріптестеріммен бірге тізе қосқан райда шетелдік көрермендер легін елімізбен таныстыратын бағдарламалар жасаумен шұғылданатымызға шексіз қуанамын. Мен істейтін «Kazakh TV» арнасы әлемнің жүзден астам елінде қазақ және орыс, ағылшын тілдерінде хабар тарататын Қазақстандағы бірінші ұлттық жерсеріктік арна екенін атап өткім келеді! Дүниежүзіне ұлан байтақ мемлекетіміздің туристік, инвестициялық әлеуетін паш ету, көрерменді Қазақ елінің тұла бойы өнер мен дарынға тұнған халқымен таныстыру, елдегі салт-дәстүр мен шежірелі тарихты әңгімелеу, міне осындай ғаламат асқақ контент жасаудамыз. Қазіргі уақытта эфирден Қазақстанды сан қырынан ашып, бірегейлігін танытатын бағдарламалар берілуде.

ЖУРНАЛИСТЕР МЕН АВИАЦИЯЛЫҚ ОРТА МАМАНДАРЫНЫҢ ҰҚСАС ТҰСТАРЫН БАЙҚАЙ АЛДЫҢЫЗ БА? ОНДАЙ ҮНДЕСТІКТЕР БАР МА ЕКЕН?

Журналистика мен авиацияны ортақ мақсат, қашықтықты қысқартып, адамдарды жақындастыру қызметі біріктіреді деп ойлаймын. Себебі, бұқаралық ақпарат құралдары бетінде де ұшақ пен әуежайдағы секілді уақыт пен кеңістік қым-қиғаш тоғысып жатады.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика