Заңгер кеңесі

БЕЛГІЛІ БІР СЕБЕПТЕРМЕН РЕЙСТЕРДІҢ КЕШІГУ ЖАҒДАЙЫ ЖИІ КЕЗДЕСІП ЖАТАДЫ. МҰНДАЙ БӨГЕЛІСТЕР ҰЗАҚҚА СОЗЫЛМАСА ЖАҚСЫ ҒОЙ… БІРАҚ ҰШАҚТЫ САҒАТТАП, ТІПТІ ТƏУЛІКТЕР БОЙЫ САРЫЛА КҮТЕТІН ЖАЙТТАР ДА ЖОЛЫҒАДЫ. РЕЙС КЕШІККЕНДЕГІ ЖОЛАУШЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚАНДАЙ? БҰЛ СҰРАҚҚА ЗАҢГЕР ƏРІ АДВОКАТ ОСОКИНА ИРИНА ЮРЬЕВНА ЖАУАП БЕРДІ.

Рейс кешіксе немесе кестеден алынып тасталса, 2015 жылдың 30 сәуірі Қазақстан Республикасы инвестиция және даму министрінің No540 бұйрығымен бекітілген және 2010 жылдың 15 шілдесіндегі Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігі мен авиация қызметін пайдалану» Заңының 76 бабы 1 тармағына сай жасалған Жолаушыларды, багаж бен жүкті әуе көлігінде тасымалдау ережесі күшіне енеді.

Ереженің 38 тармағында жазылғандай, егер рейс тасымалдаушының кінәсінен, әуе кемесінің кеш келуінен яки тасымал бағдарының өзгеруінен алынып тасталса, кешіксе тасымалдаушы жөнелту және аралық нүктелерде жолаушыларға келесі қызметтерді ұсынуы тиіс:

  1. жеті жасқа дейінгі баласы бар жолаушыға – ана мен бала бөлмесін (егер бар болса);
  2. рейстің жөнелтілуін күту уақыты екі сағаттан асып кетсе – екі телефонға қоңырау шалу, оның ішінде бес минуттан аспайтындай халықаралық желілер бойынша немесе электрондық пошта арқылы екі хабарлама жіберу мүмкіндігі;
  3. күту уақыты екі сағаттан асып кетсе салқын сусындар;
  4. рейстің жөнелтілуін күту төрт сағаттан және одан көп болса, ыстық тамақпен қамтамасыз ету: әр алты сағат сайын– күндізгі уақытта; әр сегіз сағат сайын – түнгі уақытта;
  5. рейстің көкке көтерілуін күту күндіз сегіз сағаттан, түнде алты сағаттан асса әуе компаниясы ұсынатын қонақ үйге орналастыру;
  6. қонақ үй қосымша ақы алусыз ұсынылған жағдайда, әуе компаниясы қамтамасыз ететін көлікпен әуежайдан қонақ үйге және кері бағытта жеткізу;
  7. рейс тасымалдаушының кінәсінен он сағаттан асатын уақытқа алынып тасталса не кешіксе, жолаушының таңдауы бойынша тасымалдаушы: билетте көрсетілген жерге дейін жақын арадағы рейспен жолаушыны тасымалдауды қамтамасыз етеді, осы тармақтағы ұсынылатын қызметтерді қосқанда немесе жолаушыға билеттің толық ақысын қайтарады. Осы тармақта көрсетілген қызметтер жолаушыларға қосымша ақы алусыз ұсынылады. Жолаушының сұрауы бойынша оған, кешігу себебі туралы әуе компаниясының арнайы тағайындалған лауазым иесінің хаты беріледі немесе билетте белгіленеді.

АЛ, ЕНДІ НАЗАР АУДАРАТЫН ЖАЙТ!

40 тармақта көрсетілгендей, жолаушыны тасымалдау әуе компаниясының кінәсінен кейінге шегерілсе, онда соңғысы құзырынан тыс ахуал салдарынан кешігу оқиғасы орын алғанын дәлелдей алмаса, жолаушыға билет құнынан бөгелістің әр сағаты үшін 3 пайыз мөлшерінде айыппұл төлейді (кешігу орын алған ұшу теліміне қатысты). Өндірілетін айыппұл сомасы сатып алынған билет құнынан аспауы керек (кешігу орын алған ұшу теліміне қатысты).

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика