Жұлдызы жарқыраған АЗИАНА: Қазақстан мен Корея арасындағы әуе көпірі

Әуе тасымалдаушыларының SkyTrax халықаралық рейтингі бойынша материалдарды жинай келе, Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласынан Астана мен Алматыға қатынап жүрген «Азиана эйрлайнс» әуе компаниясының бірнеше жылдар бойы әлемдік рейтингте көш бастап келе жатқанын аңғардық. Біздің басылым журналистері, бес жұлдызды Азиананың Қазақстанның әуе кеңістігіндегі жағдайын және соңғы кездердегі жаңалықтарын сұрап білуге тырысты. SKY Magazine қойған сауалдарға кореялық Asiana Airlines әуе компаниясының маркетинг, сатулар және әуежайлық қызмет көрсету жөніндегі менеджері Всеволод Ким жауап берді.


«АЗИАНА» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫН АТЫНА ЗАТЫ САЙ ДЕЙ АЛАМЫЗ БА? АТ ТАҢДАУДА НЕГЕ СҮЙЕНДІҢІЗДЕР?

«Азиана» атауының пайда болуы тарихында авторлар белгілі бір қарапайым қисынды көздегені анық. Мәселен ірі корейлік «Кореан Эйр» әуе тасымалдаушысы бастапқыда «Кориана» деп аталған. Компанияға мұндай атау беруге екі негізгі жайт себеп болған: шыққан елі мен бағыт-бағдар жолдары – ол кезде тиісті әуе компаниясы рейстерді тек ел ішінде орындаған. «Азиана» болса, алғашқы сүрлеулер түскен Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия тармақтарында жолаушы тасымалдайтын Кориананың халықаралық баламасы ретінде дүниеге келді. Сондықтан да расында біздің компанияның атауының мағынасы азиялық түбірін аңғартады. Бүгінде Азиана жаһандық дәрежедегі жетекші корейлік әуе тасымалдаушыларының бірі саналады.

flyawaysimulation.com

АЗИАНАНЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ НАРЫҚҚА ЖАҚЫНДА ҒАНА КІРДІ ДЕСЕК ТЕ БОЛАТЫН ШЫҒАР. КОМПАНИЯ ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖЕРСІНІП ҮЛГЕРДІ МЕ?

Бүгінгі таңда әуе компаниямыз Қазақстанда өзін қолайлы сезінуде. Әрине, тың жобалардың аяққа тік тұру кезеңінде жолығатын әдеттегі белгілі бір қиындықтар бар. Астанаға өткен жылдан бастап ұша бастасақ, қазірде жолаушылар ағынын дамытып, өсіре түсу маңызды міндетке айналған. Азиананың ұшақтары Сеулден Қазақстанның 2 қаласына, Астана мен Алматыға самғауда. Осы орайда Қазақстанның халық саны аса көп еместігін, ал Кореяның Араб әмірліктері, Түркия яки Таиланд сияқты танымал туристік мекен еместігін ескеру қажет. Қазіргі сәтте Қазақстан мен Корея арасында қалыптасқан жолаушылар ағыны жалпы бұқаралық сипаттан гөрі, бизнес саласындағы қатынасқа келеді. Сәйкесінше, әзірге қазақстандық бағыттардағы ұшақтарымыз лық тола қоймауда. Алайда, жағымды өзгерістер де бар. Таяудан бері Корея жақта медициналық туризм белсенді өркендеуде. Сонымен қатар, білім беру бағытындағы мемлекетаралық ынтымақтастық аясында сапарлайтын жолаушылар қарасы қалыңдауда. Жалпы алғанда, Қазақстандағы қызметімізді оң бағалап, жоғарыда айтқандай, өзімізді жайлы сезінудеміз. Бұған халықтарымыздың мәдениеті мен мінез-құлқы да әсерін тигізуде. Кәсіби ортада әлі де реттелмеген жайттар кездесетіні шындық. Сіздердің авиацияларыңызда «Аэрофлот» жүйесінің кейбір бұрынғы кеңестік көріністері бүгін де қылаң береді. Бірақ бұл ұсақ-түйек нәрселер. Ең бастысы, қазақстандық әуежайлар халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуде және қалыпты қызметтер көлемін қамтамасыз етуде.

АЗИАНА РЕЙСТЕРІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАҒЫТТАРДА ҚАНШАЛЫҚТА СҰРАНЫСҚА ИЕ? КІРІС ЖАҒЫ ҚАЛАЙ?

Бүгінгі кезде «Азианаэйрлайнс» әуе компаниясы шығынмен әрекет етуде. Бұл көбінесе ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты болып отыр. Соның салдарынан орташа алғандағы қазақстандық туристің төлем қабілеті төмендеп кетті. Дегенмен, жоғары әлеуметтік жауапкершіліктен жалтармауды мақсат еткен Азиана, әуе тасымалы билеттерін өзінің нақты құнынан аз бағаға сатуға мәжбүр. Күрделі кезеңде Қазақстан азаматтарының барлығы белгілі бір қаржылық шығынға ұшырайтынын түсінгендіктен, жолаушыларымызды біліп тұрып тиімсіз, әрі қолайсыз жағдайға түсіргіміз келмейді. Осымен бірге, қазақстандық бағдарлардың болашағы зор деп есептейміз. Өйткені, бір Құдайдың қалауымен Қазақстан құрлықтың дәл кіндігінде орналасқан және осы себептен транзиттік ел ретінде қанатын жаюда. Азиана алғашқылардың қатарында бағдарлар желісін Қазақстан арқылы жасақтауға кірісті. Кезінде біз Бішкектен Алматыға чартерлік ұшулар орындап, жолаушыларды Сеулге баратын рейстерімізге ыңғайлы жағдайда әкеп беретін аутсорсингтік компанияны таптық. Бұл дегеніңіз, «Бішкек-Алматы-Сеул» бағдары дүниеге келіп, тәуір көрсеткіштермен жұмыс істей бастады. Сөзімізге дәлел, 2005 жылы айына небары 100 жолаушы тасымалдасақ, 2007 жылдың соңына таман аптасына 150 жолаушыға қызмет көрсетуге қол жеткіздік. Ол тұста транзиттік жолаушыларды қабылдайтын мұршамыз болмаса да, Алматы әуежайы қомақты шаруаның басын қайырды. Барша жұртқа виза алып, төлқұжат бақылауынан екі рет өту керек еді. Әуежайда жолаушылар терминалын қайта құрылымдау мен жаңғырту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, транзиттік аймақ тағайындалды. Қазір жолаушылар ұшып келу залынан бірден тіркелуге өтіп, ұшу аймағына табыла алады. Бұл өте маңызды. Өйткені, Қазақстанның көліктік хаб әрі ел болуға ұмтылған мұратындағы даму стратегиясымен үндесетін мүмкіндік туындайды. Қазақстан арқылы өтетін рейстерді барлық көршілес елдер үшін анағұрлым ыңғайлы деп есептейміз. Жолаушылар Ресей мен Қытайдан гөрі, Қазақстан арқылы ұшу арқасында уақыттарын біраз үнемдейді.

evillamante.wordpress.com

«ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІНЕ ҚАНДАЙ ҮМІТ АРТАСЫЗДАР? РЕЙС САНЫН КӨБЕЙТЕСІЗДЕР МЕ?

Әр компания рейс санын молайтуға күш салатыны даусыз. «ЭКСПО-2017» көрмесінің тақырыбы «жасыл» технологияларға арналғандықтан, бұл саладағы озық үлгілі жаңалықтары баршылық Корея Республикасы аталған шараға белсенді атсалысатыны сөзсіз. Қазақстан Республикасымен тығыз қарым-қатынас орнатқанымыз белгілі. Сеул-Астана рейсі қанша шығынды болғанымен, бәрібір жолаушылар ағынын өсіру мақсатынан танбаймыз.

СІЗДІҢ ОЙЫҢЫЗША, ҚАЗАҚСТАН КОРЕЯДАН КЕЛЕТІН САЯХАТШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ ҚЫРЫМЕН ҚЫЗЫҚТЫ? АЗИАНА ҚОС ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ТУРИСТІК АҒЫМДЫ ДАМЫТУ ҮШІН ҚАНДАЙ ШАРУАЛАРДЫ ҚОЛҒА АЛҒАН?

Корея халқы әлем өркениетінің гүлденуіне Ұлы Жібек жолы үлкен үлес қосқанын, оның керуен жолының бір бөлігі Қазақстан арқылы өткенін біледі. Сол себепті корей азаматтарының басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан мен ондағы тарихи шаһарларға ат басын бұрып, көнеден келе жатқан сәулет өнері, бағзы заман ескерткіштерін асқан ләззатпен тамашалауға құмар. Туристер Сахарадағыдай шөл далалары мен Альпідегідей құрақ мекендерге бай, сұлу табиғаты сан алуан келбетте құлпырған Қазақстан жерінің бірегей көркіне де жақсы қанық. Біраз жан мұндай табиғат сыры мен сыйын өз көзімен көру үшін сапар шегіп, жаяу аралағанды ұнатады. Кейбіреулері балық аулайды. Азиана да өз миссиясын тереңінен ұғынады: біз Қазақстан мен Кореяны жалғайтын әуе көпіріміз. Және де өз тарапымыздан елдер арасындағы туристік нөпірдің дамуы мұратында үздіксіз ізденудеміз – Қазақстан туралы ақпарат таратып, елшілікпен байланыс жасаймыз және де мәдениет күндеріне қатысып, ресми мерекелер барысында шаралар өткіземіз. Тасымал бойынша серіктесіміз «Эйр Астана» жағымен бірге, семинарлар ұйымдастырып, онда қос ел жайлы кеңінен әңгімелейміз.

АЛ, АЗИАНА БОРТТАРЫНДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МЕЙРАМДАР ТОЙЛАНА МА?

Төрткүл дүниедегі іспетті, ең басты мереке – Жаңа жылды құшақ жая қарсы аламыз. Арнайы мерекелік ерекше сұрыптағы шампан сусынын ұсынамыз. Қалған Тәуелсіздік күні, не Астана күні сынды мейрамдарда да тиісті хабарландырулар жасап, экипаж құрамы барлық жолаушыларды құттықтайды.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҰШАТЫН ЭКИПАЖДАР КӨП ҰЛТТЫ ҰЖЫМДАРДАН ТҰРА МА ЖӘНЕ ОЛАРДА ӨЗГЕ ЕЛ АЗАМАТТАРЫ БАР МА? ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ОРЫС ТІЛДЕРІН БІЛУ ДЕҢГЕЙЛЕРІ ҚАНШАЛЫҚТЫ?

Стюардесса

http://worldscrews.blogspot.com

Барлық халықаралық компаниялар сияқты, біздің қызметкерлеріміз де әр елдерден құралған көп ұлтты келбетте. Қазақстанға екі құрамды экипаж ұшады. Әрқайсында әдетте орыс тілін білетін әріптесіміз болады. Сондай-ақ, шетелдік компаниялардың алғашқыларының бірі ретінде, бортта барлық хабарландыруларға қазақ тілін енгіздік. Бұл жерде бізге «Эйр Астана» мен Алматы әуежайы қызметкерлері көмектесті. Өкінішке орай, бізде әзірге қазақ тілінде сөйлейтін бортсерік жоқ. Бірақ, бұл тұста еске сала кетсек, «Эйр Астана» борттарында да корей тілінде сөйлейтін бортсеріктер кезікпейді.

АЗИАНА БОРТТАРЫНДА БЕРІЛЕТІН ТАМАҚ ТҮРЛЕРІ ҚАНДАЙ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПА ӘЛДЕ КОРЕЙ ӨНДІРІСІНЕН БЕ?

Борттарымызда ұсынылатын тамақ дәмді пісіріледі. Өйткені, мәзір құрамын айқындайтын арнайы департаментіміз жұмыс істейді. Тағамға Кореядан және Қазақстаннан, оның ішінде Алматыдан тапсырыс беріледі. Астанада жүктеменің аздығынан борттық тамақтану қызметін пайдаланбаймыз.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика