Еуропа көгіне оралу

АЗАТ ҒАББАСҰЛЫ, БҮГІНГІ СҰХБАТҚА СҮЙІНШІ СҰРАРЛЫҚ ТАҚЫРЫП АРҚАУ БОЛАТЫНЫ АНЫҚ. ИКАО ВАЛИДАЦИЯЛЫҚ МИССИЯСЫ БІЗДІ ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҒЫМЕН ҚУАНТУДА. «ҚАРА ТІЗІМНЕН» ШЫҚҚАННАН КЕЙІН, ТАЯУ АРАДА ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ АСПАНЫ БІЗДІҢ ӘУЕ КОМПАНИЯЛАРЫ ҮШІН АШЫҚ БОЛАДЫ ДЕП ҮМІТТЕНЕ АЛАМЫЗ БА?

Расында, бұл жаңалық барлығымызды бір желпінтіп тастады. Соңғы жылдары авиация саласында көрсетілетін қызметтер сапасын едәуір жақсартып, бірінші кезекте ұшу қауіпсіздігі мен халықаралық стандарттарға сәйкес болу мақсатын ойластырдық. Наурыз-сәуір айлары бойы ИКАО өкілдері кезекті аудиттің басын қайырып, оның қорытындысында елімізге қатысты елеулі ескертулердің күшін жойды. Валидациялық миссияның оң нәтижесі жайлы ресми хат та алдық. Осы арқылы қазақстандық әуе компанияларының кәрі құрлық аймағына ұшуына Еуроодақ тарапынан қойылған шектеулер алынып тасталады деген үміт оянды. Соңғы алты жылда «қара тізімнен» құтылу (Еуроодақтың шектеу тізімі – ред. еск.) біз үшін басымдыққа ие міндет саналды. Тиісті мерзімде ауқымды жұмыс көлемін еңсеріп, қазірде нық сеніммен біздің қауіпсіздік жүйесі мен процедуралары халықаралық стандарттарға сай келеді деп айта аламыз.

Фото дереккөзі: www.goodfon.ru

ИКАО ЖАЙЛЫ ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ

ICAO (International Civil Aviation Organization, былайғы атауы – ИКАО – ред.еск.) – азаматтық авиация қызметінің барлық қырлары бойынша мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығына қатысты ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарымен айналысатын БҰҰ-ның арнайы мекемесі. Аталған ұйым 1944 жылдың 7 желтоқсанында Чикаго қаласында Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенция аясында құрылды. ИКАО-ның штаб-пәтері Канаданың Монреалында орналасқан. Мүшелерінің жалпы саны бүгінгі таңда 191 мемлекетті құрайды. Орыс, ағылшын, француз және испан тілдері ІСАО-ның ресми тілдері саналады. Араб және қытай тілдері ұйымдағы жұмыс тілдері қатарында.

ИКАО мақсаты – халықаралық аэронавигация ұстанымдары мен тәсілдерін жасау, халықаралық әуе көлігін жоспарлау мен дамытуға әрекеттесу, ұшутехникалық ережелерді жетілдіру және т.б. ИКАО мүше-мемлекеттермен және авиация саласының кәсіпорындарымен бірлесе отырып, әуе қатынасының қауіпсіздігі мен сенімділігін және тиімділігін қамтамасыз етуге қажет халықаралық баптарды бекітіп, стандарттарды әзірлейді.

2009 ЖЫЛЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН ИКАО АУДИТІНЕ АНЫҒЫРАҚ ТОҚТАЛСАҢЫЗ. ДӘЛ СОЛ АУДИТ ТҮЙІНІНДЕ БІЗДЕГІ ӘУЕ КОМПАНИЯЛАРЫ ЕУРОПА ОДАҒЫНЫҢ «ҚАРА ТІЗІМІНЕ» ЕНІП КЕТКЕНІ БЕЛГІЛІ….

Еуропалық одақ «қара тізімді» 2000 жылдардың ортасынан бастап қолға ала бастады. Онда қажетті шешім қабылданып, белгілі бір қауіпсіздік талаптарына байланысты ИКАО аудитінен өтпеген елдердің әуе компанияларына Еуропа қалаларына ұшуға тыйым салынды және осылайша, олардың пікірінше, ұшу сапарларының жалпы халықаралық қауіпсіздігіне ықтимал қатерлерге тосқауыл жасалды.

2009 жылы ИКАО Қазақстанның барлық азаматтық авиациясына аудит жүргізді. Қорытындысында 80 ескерту анықталып, оның екеуі айтарлықтай (салмақты) үлкен олқылықтар санатынан болып шықты. Осы 2 ескертуге сүйене отырып, Еуроодақ қазақстандық әуе компанияларына еуроаймаққа ұшуға шектеу енгізді. Осылайша «қара тізімге» кіргізді.

Әрі қарай істерді ИКАО қағидаттарына деңгейлестіру бойынша шаруалар басталды. Бұл жұмысты ҚР Көлік және коммуникация министрлігі іске асырып, ең маңызды міндеттердің бірі ретінде сол кезде вице-министр маған жүктелді.

Алғашқы төрт жылдың жүзінде, қауіпсіздікке тікелей ықпал етпейтін, болмашы кінәрат болып табылатын ескертулердің түгелін түзеттік. Сонымен қатар, салмақты ескертудің бірі оң сипатты иеленді. 2014 жылы қайталанған ИКАО аудиті біраз жетістікті аңғартқанымен, соңғы қалған ірі кілтипанды бүтіндеу жайы айрықша нұсқалды. Кейінгі екі жыл ауқымында осы жайтпен егжейтегжейлі шұғылдандық.

«ҚАРА ТІЗІМНЕН» ШЫҒУ ӘРЕКЕТТЕРІ АЛТЫ ЖЫЛҒА СОЗЫЛДЫ. ҚАЛАЙ ОЙЛАЙСЫЗ, БӘЛКІМ, ЕУРООДАҚ ПЕН ИКАО ЖАҚТАРЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӘУЕ КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ ҰШУЫНА ШЕКТЕУ ЖАСАУЫ ЖАҢСАҚ ШЕШІМ БОЛДЫ МА?

Бүгінгі таңда, айлар аунап, жылдар жылжыған шақта, ИКАО аудитінің теріс нәтижесі мен Еуродақтың шектеулері қосыла келе, Қазақстанның азаматтық авиациясында түбегейлі оң өзгерістердің орын алуына тың серпін сыйлады деуге болады. Еуропаға ұшу мүмкіндігінің жоқтығы, бізді қос қырынан ойлантты. Бір жағынан, сұранысқа ие еуропалық аймаққа ұшуға шектеуден келетін қаржылық шығындарды тезірек төмендетуге асықтық. Екінші жағынан, құрамындағы әуе компаниялары қауіпті саналатын «қара тізімнен» жылдам шығуға барынша тырыстық. Себебі, бұл ел абыройы мен беделіне нұқсан келтіруі ықтимал мәселе.

Осыған байланысты азаматтық авиацияны толғандырған мәселелер ең жоғары деңгейде талқыланып, Мемлекет басшысының бақылауында ұсталынды. Сондықтан, барлық мүдделі мемлекеттік орындар мен парламенттің үйлесімді әрі жүйелі жұмысының арқасында аса қажет жаңғыру қадамдары жүзеге асты.

Сол кезде-ақ ескертулерді жою үдерісі шапшаң жүре қоймайтыны сезілді. Өзгерістер көп саланы қамтып, персоналды оқытудан заңнамалық баптарға дейін біраз бағытқа әсерін тигізді. Индонезия тәжірибесін алсақ, мысалға, олар да ИКАО ескертулерін біз сияқты 6 жыл бойы жоюмен айналысты. Бүкіл жұмыс көлемін, қыруар шаруа легін байыптап, әр қадамымызды екшеп барып, елімізде атқарылатын іс-қимылдардың молдығын және де ұзаққа созылатынын ұғындық.

ИКАО ТАРАПЫНАН ҚАНДАЙ НАҚТЫ МІН ТАҒЫЛДЫ ЖӘНЕ БҰЛ КЕМШІЛІКТЕРДІ ОҢАЛТУ ҮШІН ҚАНДАЙ ШАРАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ?

Негізгі ескерту, бәрінен бұрын, әуе компаниялары мен әуе кемелеріне ұшу жарамдылығын растайтын сертификаттарды беруге байланысты болды. 2009 жылдағы ИКАО аудиті сертификациялауды өткізуге қажет білікті инспекторлар санының жеткіліксіздігін айқындап берді. Азаматтық авиация комитеті сәйкес персонал саны мен сапасынан бірдей жұрдай еді. Ол кезде елімізде әуе компанияларының қатары 50-ден асса, 600 әуе кемесі мен 22 әуежай қолданыста тұрды. Бұл тұста Азаматтық авиация комитеті қызметкерлері 30 адамнан аспайтын еді.

Содан кейін көп нәрсе өзгеше күй кешті. Заңнамаға қаншама өзгерістер енгізіп, заңға қосымша да ұшан-теңіз шаруалар тындырылды. Инспекторларды жинап, оқытуды ұмытпадық. Комитет еңбеккерлерінің саны өсіп, инспекторлардың біліктілік дәрежесімен бірге мәртебесі, еңбекке ақы төлеу жағдайы көтерілді. Өзгерістер авиаицяның барлық дерлік саласын қамтыды. Оның ішінде қазір авиация басшылығы әуежайлар мен аэронавигацияға қоятын талаптар да басқаша кейіпке енді.

Фото дереккөзі: www.goodfon.ru

Қазіргі кезде, реформалардың кешенді көлемін өткізген соң, Қазақстанда авиациялық салаға қажетті қадағалау орнатылғанын, әуе компанияларын куәландыру барлық қажетті процедураларды уақытылы әрі тиісті деңгейде орындау арқылы өтетінін ешқандай күмәнсіз айғақтаймыз, оны ИКАО да растайды. Сондықтан да ИКАО-ның соңғы ірі ескертуі алынып тасталды.

Жалпы ИКАО стандарттары талаптарына қазақстандық авиацияның сәйкестік деңгейі 74 пайыздық дәрежеде құпталуда. Еуропадағы сәйкестік стандартының орташа деңгейі 76% екенін ескерсек, біз іс жүзінде биік асуларға қол созып, маңызды көрсеткіштерге жақындап келеміз. Ауқымды жұмыстар атқарылып, ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке қол жеткізгенімізді мақтанышпен жарияласа да болады.

ИКАО ВАЛИДАЦИЯЛЫҚ МИССИЯСЫНЫҢ ТАБЫСТЫ КӨЗҚАРАСЫ ШЕКТЕУЛЕРДІ АЛЫП ТАСТАУҒА СЕПТІГІН ТИГІЗГЕНІ РАСЫНДА КӨҢІЛДІ КӨТЕРЕДІ. ЕНДІ ҚАЗАҚСТАН «ҚАРА ТІЗІМНЕН» ТҮБЕГЕЙЛІ ҚҰТЫЛУҒА ҚАНДАЙ ШАРАЛАР ҚОЛДАНУЫ КЕРЕК?

Еуроодақтың шектеулер тізімінен шығу – келесі межеленген қадам. Ендігәрі, бізді «қара тізімге» кіргізуге себепкер болған күрделі кедергілерде сүрінбейтіндіктен, ашық жүзбен

ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АВИАЦИЯ САЛАСЫНЫҢ ТОЛЫҚҚАНДЫ БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУШЫСЫНА АЙНАЛДЫ

Еуропалық комиссияның Ұшулар қауіпсіздігі комитетіне шығуға бел будық. Комитет отырысы жылына екі рет өтеді. Болжам бойынша, Қазақстанға қатысты ИКАО валидациялық миссиясы нәтижесінің ресми таныстырылымы келесі отырыста әңгіме арқауына айналады. Әлбетте, Еурокомиссияның қажетті департаменті аудит жемісіне, тұрақты байланыс орнағандықтан, біздің барлық әрекетімізге қанық екені аян. Барлық процедураларды мұқият жүргізіп, сараптауға күш салатынымыздықтан, Еуропалық одақта қазақстандық авиация саласын шектеулер тізімінде ұстауға сылтау қалмайтынына сенім кәміл.

Жасыратыны жоқ, осындай аудитпен және шектеулермен байланысты барлық оқиғалар ИКАО-мен өнімді қарым-қатынас жасауға итермелеп, өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, шын мәнінде берік серіктестік дәрежесіне жеткіздік. Бұны жеке-дара атап өтсе де болады.

Қазақстан көп уақыт бойы ИКАО-ның томаға-тұйық мүшесі болып келді. Олармен байланыс орнатуға, өткізетін шараларына атсалысуға құлықсыздық танытпай, самарқау қарадық. Ал, ИКАО авиациялық салада ойып тұрып орын алған беделді халықаралық ұйым екені белгілі және де өз мүшелерін төрткүл дүниеде азаматтық авиаицяны өркендету мәселелерінде белсенді әрекеттесуге шақыруда.

Салыстырмалы түрде аз уақыт көкжиегінде ИКАО-мен қарым-қатынасымызды оң сипатқа өзгертіп, халықаралық ынтымақтастық барысындағы көзқарасымыз салмақты екенін аңғарттық. Сан түрлі деңгейдегі қазақстандық мамандар халықаралық шараларға белсенді атсалысып, қызу пікір алмасуда. ИКАО шараларын біздің елде де өткізе бастадық. Бізге жауапты Париж бюросымен жақсы серіктестік қатынастарын түзіп, ұйымның Монреалдағы штаб-пәтерімен де сұхбат құрудамыз.

Осының бәрі Қазақстанның халықаралық авиациялық саланың толыққанды белсенді қатысушысы болуына алып келді. Тиісінше жоғары деңгейде көңіл бөле бастағандарын түйсіндік. Соңғы жылдары елімізге ресми сапармен ИКАО-ның бас хатшысы мен ондағы сан алуан бюролардың директорлары бірнеше рет ат шалдырып үлгерді. Келесі жылы, біздің қонаққа шақыруымызбен, ИКАО-ның жаңа бас хатшысы Фан Лю ханым да Қазақстанға келмек райда. Бұны халықаралық нарықтағы беделіміздің нығайып, жұмыс нәтижемізге оң әсер ететін жетістік деп түсінеміз.

Жалпы алғанда қалыптасқан үрдістер көңілді жадыратады. Дегенмен, қазақстандық авиация саласын жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыру керек. Қол жеткізілген ИКАО халықаралық талаптарына сәйкестік деңгейін сақтап қана қоймай, өрбіте түскен абзал. Сәйкесінше жұмысты еш тоқтатпаймыз.

ЕУРООДАҚТЫҢ «ҚАРА ТІЗІМІНЕН» ШЫҒУ – ИМИДЖДІК МӘСЕЛЕДЕ БОЛСЫН, МАТЕРИАЛДЫҚ ҚЫРЫНАН БОЛСЫН, ҚАЙ ЖАҒЫНАН ҚАРАСАҢ ДА ТАМАША ЖЕТІСТІК. ЕНДІГӘРІ АІR ASTANA ҒАНА ЕМЕС, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨЗГЕ ДЕ ӘУЕ КОМПАНИЯЛАРЫ ЕУРОПАҒА ЖӘНЕ КӘРІ ҚҰРЛЫҚ АРҚЫЛЫ ЖАҢА БАҒЫТТАРДЫҢ ТҰСАУЫН КЕСЕ АЛАДЫ.

«ҚАЗАЭРОНАВИГАЦИЯ» РМК БАС ДИРЕКТОРЫ РЕТІНДЕ СІЗГЕ ҚОЯР САУАЛЫМЫЗ КЕЛЕСІДЕЙ. АЭРОНАВИГАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ САЛАСЫНДА ИКАО АУДИТІ АЯСЫНДА ҚАНДАЙ ІСТЕР АТҚАРЫЛДЫ?

Мен министрлікте істегенімде (ҚР көлік және коммуникация вице-министрі болып – ред.еск.), ИКАО-мен байланыста елдің атын таныту бағыты, сәйкессіздіктерді жою жауапкершілігі маған жүктелді. Министрдің нұсқауымен, қазір де, «Қазаэронавиагция» мекемесін басқарған тұсымда осы іспен айналысудамын. Алғашқы күннен бастап-ақ, қарамағымдағы кәсіпорынның халықаралық талаптарға сәйкестігіне айрықша назар аудардым.

Қазаэронавигация валидациялық миссияның сәтті орындалуына ерен үлесін қосты. Авиацияның навигациялық тармағындағы көрсеткіштер әу бастан жаман болмады – 70%-дың маңайында. Қазіргі шақта қазақстандық аэронавигацияның ИКАО талаптарына ағымдық сәйкестік деңгейі 80%-ға дейін өсті. Дегенмен, бұл белесте тоқмейілсімей, көрсеткіштерімізді жақсарту бағытында ауқымды шаруалардың басын қайыра бермекпіз.

ОТАНДЫҚ АВИАЦИЯ САЛАСЫНЫҢ БАСШЫЛЫҒЫ ЖАҚЫН АРАДА ҚАНДАЙ ҚАДАМДАР ЖАСАМАҚ, ЖАҚЫН КЕЛЕШЕККЕ МЕЖЕЛЕНГЕН МАҚСАТ ҚАНДАЙ?

Еуроодақ комиссиясы өкілдерінің келуін күткен жөн деп санаймын. Бұл ЕО ұстанымы, біз білетін және алдын ала уағдаласқан қалыпты істері. Олар Қазақстандағы ахуалмен жергілікті жағдайда танысып, түбегейлі реформалардың шын мәнінде жүргізілгеніне көз жеткізгісі келеді. Бұл ретте қадағалау сапасына ерекше көңіл бөлінбек. Одан әрі қарай бізді Еуроодаққа мүше елдердің шектеулерді алып тастау жөніндегі дауыс беруі тосып тұр. Бұл жерде қиындығы сол, шешім бірауыздан қабылдануы керек. Көріп тұрғаныңыздай, оңай шаруа емес. Дәл де сауатты қимылдасақ, жыл ішінде шешіліп қалар деген ойдамын.

Атап өтерлік жайт, екі жыл бұрын «Аіr Astana» әуе компаниясы бойынша жекелеген оң шешімге қол жеткізе алдық. Одан рейстер санын өсіру мен ұшулар ауқымын кеңейту тұрғысында шектеулер алынып тасталды. Аталған кезеңде тиісті әуе компаниясы мен біз болып, оның қауіпсіздігін дәйектеуге қатысты жұмыстарды атқардық. Нәтижесінде қажетті дүниелерге қол жеткіздік: Астана-Париж, Астана-Лондон сияқты жаңа бағыттар ашылды. Ұшақтағы сапарлар жағрапиясы кеңейіп келеді.

Әріқарайнедейсізғой?Еуроодақтың«қаратізімінен»шығу– имидждік мәселеде болсын, материалдық қырынан болсын, қай жағынан қарасаң да тамаша жетістік. Ендігәрі Аіr Astana ғана емес, Қазақстанның өзге де әуе компаниялары Еуропаға және кәрі құрлық арқылы жаңа бағыттардың тұсауын кесе алады. Бұл дегеніңіз, отандастарымыз бен Қазақстанға сапарлайтын қонақтар үшін туристік тың мүмкіндіктер көкжиегі және осыдан пайда болатын артықшылықтар, авиациялық саланың экономикаға үлесі.

ТАЯУДА ӘЛЕМНІҢ НЕГІЗГІ ҚАРЖЫЛЫҚ ОРТАЛЫҚТАРЫ САНАЛАТЫН НЬЮ-ЙОРК, ТОКИО ЖӘНЕ СИНГАПУР ЖАҚТАРЫНА ЖАҢА БАҒЫТТАР АШУ ЖОСПАРЫ АЙТЫЛДЫ. ЕУРООДАҚТЫҢ «ҚАРА ТІЗІМІНЕН» ШЫҒУ ЖАҢАЛЫҒЫ АЗИЯ МЕН АМЕРИКА ЕЛДЕРІНЕ СОНЫ БАҒЫТТАР АШУҒА ҚАЛАЙ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ?

Еуропалық одақта ұшулардың шектелуі қандай да бір елдің авиация саласының қауіпсіздік деңгейін байқатып, әлем бұнымен толық санасады. Біздің авиация да осы санатта. Жаңа бағдарлар ашу бойынша келіссөздер жүргізу барысында, көптеген елдердің авиация басшылығы еуроаймаққа ұшуларға шектеулердің барына меңзеді. Бізге қолайсыз сұрақтар қойылып, еске салынып жатты: «Қаншалықты қауіпсіз дәрежедесіздер? Талапқа сәйкестіктеріңіз қандай деңгейде?» Мәселен, американдық басшылықтың талаптары қатаң. Кезкелген бағытқа шектеуді аңғарса, ұшуға рұқсат етуі неғайбыл. Сондықтан «қара тізімнен» арылуымыз, сөзсіз, біздің әуе компанияларына қызметін әрі қарайғы дамытуына жан-жақты тұрғыда септігін тигізбек.

Ойымды алғыс сезімімен аяқтағым келеді. Әсіресе, қамқорлық қолдауынсыз алға қойылған мақсатқа жетуіміз қиынға соғатын Елбасыға алғысымды білдіремін. Үкімет пен министрлік те қарап қалмай, авиациялық саладағы кемшіліктерді жоюға жан-жақтан жәрдемдесті. Заңнамадағы өзгерістерге қолдау көрсеткен Парламентке де дән ризамыз. Қоян-қолтық жұмыс істеген, барлық мәселеде түсіністік тауып, көптеген күрделі түйткілдерді тарқатуға септескен ИКАО мен Еуроодақ мамандарына да рахмет айтамын. Әсіресе, төл авиациямыздың қарыштап дамуындағы міндеттерді лайықты атқарып, татутәтті тер төккен барлық еңбеккерлерге алғысым шексіз.

ӘҢГІМЕҢІЗГЕ РАХМЕТ!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика