Ақ мамық бұлттар арасында. Қазақстандық авиаспоттерлер өмірі

Авиациялық споттерлердің пайда болу тарихы сонау Англияда Корольдық бақылаушылар корпусы (Royal Observation Corps) құрылған 1925 жылдан бастау алады. Бұны әскер деп те айту қиын. Ауадағы нысандарды бақылау міндеті жүктелген азаматтық еріктілер десе жарайды. Бұл әуе кемелерінің сан түрін анықтауға арнайы оқытылған алғашқы споттерлер еді.

Фотосуретті Астана мен Алматының споттерлері Астана әуежайында 2015 жылғы маусымда түсірген

«Аспанды бақылайтындардың» рөлі қырғи-қабақ соғыс тұсында өзекті болғанымен, қазіргі заманғы радиолокациялық құрал-жабдық пен анағұрлым шапшаң ұшақтардың дүниеге келуіне байланысты едәуір төмендеді. 1991 жылы Бақылаушы әскер түбегейлі таратылды. Бүгінгі таңда споттинг бейбіт түрдегі ермекке айналып, толықтай авиация әлеміне сүңгуді білдіреді. Әуе кемесін айна-қатесіз анықтау, авиация техникасы жөніндегі білім, сирек әуе кемелерін назарда ұстау – міне бұл қазіргі авиаспоттердің тыныс-тіршілігіне тығыз байланысты жайттар. Белгілі қазақстандық авиаспоттер Александр Дуров ұшақтарға деген шексіз құштарлыққа ие жандар жайлы әңгімелеп берді.

АВИАСПОТТИНГ ДЕГЕНІМІЗ, ҰШАҚТАРДЫ АСПАНДА БОЛСЫН, ЖЕРДЕ БОЛСЫН БАҚЫЛАУ, ӘУЕ КЕМЕСІНІҢ СИПАТЫН АНЫҚТАУ, БОРТТЫҚ НӨМІРІ МЕН ҚАЙ ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНА, ЕЛГЕ ТИЕСІЛІЛІГІН БАЖАЙЛАУ

АЛЕКСАНДР АВИАСПОТТИНГ ДЕГЕН САЛАНЫҢ МӘНІ НЕДЕ? МҰНДА АВИАФОТОГРАФИЯ БАҒЫТЫНАН БАСҚА НЕ ЖАСЫРЫЛҒАН?

Фотосуреттер – бұл тек авиаспоттингтің құрамдас бір бөлігі. Авиаспоттинг дегеніміз, ұшақтарды аспанда болсын, жерде болсын бақылау, әуе кемесінің сипатын анықтау, борттық нөмірі мен қай әуе компаниясына, елге тиесілілігін бажайлау. Әсіресе келбеті өзгеше немесе сирек жолығатын ұшақтар көп қызығушылық тудырады. Споттерлердің көбісі ұшақтардың рейс кестесін тамаша біледі және сирек әуе кемелерінің ұшып- қону уақытын қалт еткізбеуге тырысады.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ДЕГЕН МӘРТЕБЕГЕ КІМ ИЕ? АСТАНА МЕН АЛМАТЫДАҒЫ СПОТТИНГ-КЛУБТАРДЫҢ ҚҰРЫЛУ ТАРИХЫН АЙТЫП БЕРСЕҢІЗ…

Астанада ресми түрде споттинг алғаш рет 2011 жылы әуежайдың маркетинг бөлімінің қолдауымен өткізілді. 14 адам қатысты. Қазір тілек білдірушілер саны молдау. Алайда, әуежайдың рұқсат беруі шектеулі. Авиаспоттингтің құрылу тарихына үңілгісі келетіндерге, ғаламторды ақтарып, мақалаларда зер салуды кеңес етемін. Қызықты әрі пайдалы.

Фотосуретті Астана мен Алматының споттерлері Астана әуежайында 2015 жылғы маусымда түсірген

АЭРОДРОМДАРДА БОЛУ ЖАҒЫ ҚАЛАЙ?

Әуежай аумағына ресми кіру рұқсатын алу оңай іс емес. Бұл үшін әуежайдың НR-бөліміне авиаспоттинг өткізуге рұқсат беру өтінішімен хат жазылады. Өтінішті жоғары жақ қарап, рұқсат немесе тыйым шешімі қабылданады. Оң шешім жағдайында, біз, толық деректерін, жеке куәлік көшірмесін және фотожабдық маркасын көрсете отырып, қатысушылар тізімін ұсынамыз. Әуежайға келген беті Авиациялық қауіпсіздік қызметі, біздің топты ертіп жүру үшін өз қызметкерін тағайындайды. Әуежай аумағы бойынша қозғалу үшін автобус беріледі. Әрі қарайғы дұрыс қарым-қатынас үшін әуежай өкілінің нұсқауларын бұлжытпай орындау керек.

ӘУЕ КОМПАНИЯСЫ СІЗДЕРДІҢ ҚЫЗМЕТТЕРІҢІЗГЕ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЖӘРДЕМ БЕРЕДІ?

Біздегі әуе компанияларына жеке-дара алғысымды білдіргім келеді. Себебі, авиаспоттингке шығар алдында, біз отандық әуе компанияларына оларға тиесілі борттарды суретке түсіру мақсатында қоңырау шалып, хат жазамыз. Өз кезегінде, қажет болса, барлық түсірілген дүниені өтеусіз негізде беретінімізді аңғартамыз. Кейбір сәттерде компаниялар мәселемізге елгезектік танытып, ұшақ салонына қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Кез-келген авиаспоттердің арманы – әуе кемесінің штурвалы жанынан табылу.

АВИАСПОТТИНГ ӨЗІНЕ ҚҰМАР ЖАНДАРҒА НЕ БЕРЕДІ?

Авиаспоттинг – бұл хобби! Ешқандай табыстың иісі де сезілмейді. Споттерді әр ауланған балықтан ләззат алатын балықшымен салыстыруға болады. Авиаспоттинг – бұл бірінші кезекте ләззат алу, екіншіден бойда буырқанған құмарлық.

ВИРТУАЛДЫ СПОТТИНГ ДЕГЕНІМІЗ НЕ ЖӘНЕ БҰЛ ҚАШАННАН БАР?

Виртуалды споттинг туралы айтпас бұрын, симмер жандар жайлы әңгіме қозғаған дұрыс. Симмер – азаматтық (әскери) авиацияға қызығатын, әуеде ұшудың барлық ережелерін бұлжытпай сақтай отырып, шын ұшу аппараттарының симуляторында ойнайтын виртуалды пилот. Қарапайым тілмен түсіндірсем, бүгінде ойыншыға нақты уақыт тәртібінде ұшақта ұшуға немесе диспетчер орнына отыруға мүмкіндік беретін бірнеше ойын симуляторы жасалған. Онлайн тәртіпте ойнаудың басты талабы – авиация ережелерін сақтау. Міне осылай, виртуалды споттерлер нақты осы симуляторлардан аспандағы және жердегі әуе кемелерінің скриншотын түзеді.

СПОТТИНГ КЛУБТАРДЫҢ ҚҰРАМЫНА ҚАНША АДАМ КІРЕДІ? БҰЛ АДАМДАРДЫҢ НЕГІЗГІ ҚЫЗМЕТІ ҚАНДАЙ?

Авиаспоттерлердің қалың қарасы сүйікті ісімен өз бетімен айналысады. Сондықтан нақты дерек келтіру мүмкін емес. Бұл адамдардың негізгі қызметі сан қилы. Аула сыпырушыдан бастап басшыға дейінгі құмар жандардың басын авиацияға сүйіспеншілік сезімі қосады.

Фотосуретті Астана мен Алматының споттерлері Астана әуежайында 2015 жылғы маусымда түсірген

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АВИАСПОТТИНГТІҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ ҚАНДАЙ?

Жыл өткен сайын әуежайлармен және әуе компанияларымен ынтымақтастығымыз жарасып келеді. Бізді шараларға шақырып, тұсаукесерлер ұйымдастырады. Жақын арада әуе компанияларының қолдауымен Қазақстанның әр түрлі аймақтарында авиаспоттинг ұйымдастырып, шетелдік туристердің қызығушылығын ояту ойда бар.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика