Астананың аспаны

ШІЛДЕ АЙЫНЫҢ БАСЫНДА БАРША ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР МЕРЕЙЛ МЕРЕКЕ – АСТАНА КҮНІН АТАП ӨТКЕНІ БЕЛГІЛІ . SKY MAGAZINE ЖУРНАЛЫ АТАЛҒАН МЕЙРАМҒА ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСУ МАҚСАТЫМЕН, ЕЛОРДАЛЫҚ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯНЫҢ ДАМУ БЕЛЕСТЕРІН ШОЛЫП ӨТТІ .
АТАП ӨТЕРЛІК ЖАЙТ, БИЫЛ АСТАНАНЫҢ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ САЛАСЫ 85 ЖЫЛДЫҚ КЕЗЕҢІНЕ ЖЕТІП, МЕРЕЙТОЙЫН ҚАРСЫ АЛДЫ.

ТАРИХ БАСТАУЫ…

Бүгінде Астана халықаралық әуежайын еуразиялық құрлықтағы ең бір заманауи келбеттегі нысандардың бірі десек, қателеспеспіз. Алайда, бәрі бірден бұлай қалыптаса қалмағаны анық. Оның тарих беттеріне үңілсек, сонау 1930 жылы Ақмола (Астананың көне атауы) қаласынан үш жақырым жерде шағын ғана аэродром бой көтерген. Әуежай аумағында ұшақтың ұшуы мен қонуына арналған шаршы аймақ орналасып, қасында саман кірпішті, 8 ұядай бөлмесі бар вокзал, екі бөлмелі пилоттар үйшігі, жанармай сақтайтын жертөле және де май мен суды жылытуға қажет жылыту жайы жұмыс істеген. Қала мен аэродромды жалғаған байланыс құралы ретінде телефон байланысы, жаяу жүргіншілер соқпағы және паром іске қосылған (ол кезде әлі Есіл өзені арқылы көпір төселмеген). Жауын-шашын кезінде аэродром жабылып тұрған. Ал, жолаушылар мен пошта жүгін тасымалдауды К-4, К-5, ПР-5, П-5,П-2 ұшақтары атқарған.

Алғашқы жылдары әуе қозғалысы сылбыр жүріп, кестеде «ұшақ дүйсенбі күні таңертең» немесе «сәрсенбі күн шыққанда ұшады» деп көрсетілетін болған. Ақмола мен Семейді қосқан бірінші тұрақты әуе қатынасы 1931 жылдың 1 желтоқсанында бастау алған. Міне, дәл сол 1 желтоқсанды Астана әуежайының ұжымы өз кәсіпорындарының құрылған уақыты санайды.

1966 жылдың 28 ақпанында, болашақ бас қала атауы Целиноградқа ауысып үлгерген шақта, жаңа аэровокзал қолданысқа қабылданып, сол жылдың маусымында біріктірілген әуе жасағының барлық қызметтері су жаңа әуежай бекетіне көшкен. Сәл кейінірек, 1969 жылдың 21 сәуірінде, Целиноград әуе жасағының ұшақ паркі бірінші АН-24 ұшағымен толығып, әрі қарай түгелімен жаңартылған. Нәтижесінде жолаушылар мен пошта, жүк тасу көлемі едәуір өсе түскен. Тың өлкесін Кеңес одағының көптеген қалаларымен байланыстырған соны әуе бағдарлары пайда болған.

Фото Астана әуежайы мұрағатынан

АҚМОЛА – АСТАНА

1991 жылы Қазақстан егемендікке қол жеткізіп, Целиноград қайта атауын өзгертіп, Ақмола болды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының елордасы мәртебесін иеленіп, бүгінгі Астана атауын еншіледі. Содан қала өркендеудің даңғыл жолына түсіп, авиация да өрісін ұзартуға кірісті. Астана ауысқаннан бері әуежай өмірі де қайнап сала берді, әрі тасымал тасқыны да көбейді. 1998 жылдан қысқа уақыт аралығында аэродром ауқымды түрде жаңғыртылып, жасанды жабындымен көмкерілген ұшып-қону жолағы 3500 метрге ұзартылды және іс-қимылдар жолағы мен перрон кеңейтілді. Жарықтандыру жүйесі мен радионавигациялық құралжабдықтар жаңартылып, VIP ғимарат тұрғызылды, аэровокзал кешені жөнделді. 2002-2005 жылдары Астана әуежайы тіпті ірі көлемдегі халықаралық қайта құрылымдау жобасын өткерді. Әуежайда бәрі өзгеше кейіпке енді. Қазіргі кезде ол, ауа райына қатысты шектеусіз, 500 тоннаға дейін салмақтағы әуе кемелерінің кез-келгенін қабылдауға қауқарлы. Жүк терминалы жан-жақты жаңартуға ұшырады (жүкті тексерудің жаңа техникасы, өлшеу, рәсімдеу, жүкті тиеу/салу). Сонымен қатар, қызметті автоматтандыру да назардан тыс қалмады. Жолаушыларды электрондық тіркеу, тексеру мен жүк қызметтерінің автоматтандырылған жүйесі сынды тың қадамдар авиациялық қауіпсіздік пен қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартты.

Жолаушылар саны да артқаны түсінікті. Соңғы 18 жылда, 1998 жылдан бері санамалағанда, жолаушылар ағыны 15 есеге жоғарылап, жылына 200 мыңнан 3 милллионға шарықтаған.

АСТАНА АСПАНЫНДА САМҒАЙТЫН КІМ?

Қазіргі мезгілде Астана әуежайы 20 әуе компаниясымен серіктестік қатынас түзген. Мысалға, «Скат» әуе компаниясы, әуежайдың 18 жыл бойғы ажырамас тізгіндесі – алғашқы рейс 1998 жылы Астана-Шымкент аралығында жөнелтілген. «Эйр Астана» әуе компаниясының елордалық әуежаймен тізе қоса қимылдағанына 14 жылдан асқан – тұсаукесер рейс Алматы-Астана бағдарында 2002 жылдың 15 мамырында жасалған. Сондай-ақ «Бек Эйр» (2012 жылдың 1 маусымынан) және «QazaqAir» (2015 жылдың 6 шілдесінен) тәрізді жас әуе компаниялары ұшу бағыттарының қатарын жиілетудегі қарқынын ширатуда екен.

Келесі шетелдік әуе тасымалдаушылары да елордалық әуежаймен серіктестік орнатып, жолаушылар ағынын көбейтуде:

  • Austrian Airlines – 1998 жылдың қыркүйегіненВена – Астана;
  • «Өзбек әуе желілері» – 2005 жылдың сәуіріненТашкент – Астана;
  • Lufthansa – 2006 жылдың 26 наурызынанФранкфурт – Астана;
  • Turkish Airlines – 2005 жылдың 19 қазанынанСтамбул – Астана;
  • «Украина әуе желілері» – 2010 жылдың сәуіріненКиев – Астана;
  • Etihad Airways – 2009 жылдың 7 мамырынанАбу-Даби – Астана;
  • «Ресей МКК» – 2007 жылдан Санкт-Петербург – Астана;
  • «Белавиа» – 2007 жылдың 29 маусымынанМинск – Астана;
  • Air Arabia – 2005 жылдың 14 қарашасынанШарджа – Астана;
  • China Southern Airlines – 2006 жылдың 24 шілдесіненҮрімші – Астана;
  • Asiana Airlines – 2015 жылдың 8 тамызынан Сеул – Астана;
  • Flydubai – 2015 жылдың 26 қазанынан Дубай – Астана.

Фото Астана әуежайы мұрағатынан

Таяуда бұл тізімге тағы бір әуе компаниясы, КLМ қосылып, ағымдағы жылдың мамыр айында Амстердамға рейс ашты. 2016 жылдың жаз маусымынан, және де, Батуми мен Сочи қалаларына туристік чартерлік бағдарлама бойынша жаңа бағыттар алғаш ұйымдастырылды.

Бүгінгі таңда елорда әуежайы әуежай қызметтерінің барлық түрін халықаралық биік дәрежеде ұсынуда. Қазіргі заманғы арнайы техникасы, жарнаманың шексіз мүмкіндіктері, тәжірибелі персонал мен өзге де қажетті дүниенің бәрі кәдеге жаратылып жатқан Астана әуежайы тоқтаусыз алға жылжып, инфрақұрылымын дамытуда.

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында, әуежай аумағында жаңа терминал салынуда. Жалпы құны 60,3 млрд теңгені межелейтін жоба республикалық бюджеттен, өзіндік және қарыз қаражатынан қаржыландырылуда. 2014 жылдың қарашасында басталған құрылыс жұмыстары, 2017 жылдың алғашқы тоқсанының аяғында аяқталады деп жоспарлануда.

Жалпы алаңы 47 мың шаршы метрді төңіректейтін жаңа терминал арқылы жолаушылардың мол санын қабылдап, бабын жасауға мүмкіндік тумақ. Егер қолданыстағы терминалдың өткізу қабілеті жылына 3 млн жолаушы десек, жаңасының жобалық қуаты жылына 4,6 млн адам болады деп болжануда. Осылайша, Астана әуежайы жыл сайын 7,5 миллионнан асатын жолаушыға еркін қызмет көрсете алмақ!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика