Авиациялық қызметтен тыс кіріс

ƏУЕЖАЙЛАРДЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ, АВИАЦИЯЛЫҚ САЛАДАН ТЫС КІРІСТЕР ЖАЙЛЫ БІЛЕСІЗ БЕ?
ОЙЫҢЫЗҒА БІРДЕН ƏУЕЖАЙДА ІШКЕН КОФЕН ҚАНШАҒА АЛҒАНЫҢЫЗ ТҮССЕ, СІЗ ДƏЛ ТАПҚАН БОЛДЫҢЫЗ. КОММЕРЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ – ƏУЕЖАЙДЫҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІНДЕГІ ЖЕКЕЛЕГЕН, КӨРІГІ ҚЫЗУ ҚАЙНАП ЖАТҚАН ЖƏНЕ ЕЛІМІЗДЕГІ ТЫҢ ТАБЫС БАҒЫТЫ ДЕСЕК БОЛАДЫ.

Әуежайдың негізгі қызметі (авиациялық) ұшып-қону жолақтарын баптау, аэронавигациялық, күзет қызметтері, жолаушыларға, жүк тиелімі мен ұшақтарға қызмет көрсету екені баршаға белгілі. Былайша айтқанда, жолаушылар мен жүк тасымалына арналған ұшақтың көкке дәл әрі қауіпсіз самғап, жерге алаңсыз қонуына жағдай жасалады. Әуе билеттерінде авиациялық қызмет сипаттарын «әуежай алымдары» деген жерден көре аласыз.

Осы орайда әуежайлардың авиациялық емес қызметпен де айналысатыны атап өтерлік жайт. Өйткені, бұл әлемнің көптеген әуе көлігі бекеттері үшін кірістің қайнар көзі саналады. Шетелдік сарапшылардың бағалауынша, тиісті көрсеткіш орташа алғанда әуежайлардың табыс құрылымында 15-20 пайызды, тіпті кейбір кезде 30-40%-ды межелейді. Тіпті, жақсылап тұрып кіріссе, аталған саудадан әуежайдың жалпы кірісінен 60-70% пайда табуға болады екен.

Қазақстанда бұл қызметтің қарқыны бәсең. Себебі, көп уақыт бойы елімізде авиациялық емес пайдаға қажетті деңгейде назар аударылған жоқ. Дегенмен, Қазақстанның екі басты қаласындағы Астана және Алматы әуежайларында жаңа бағытты сәтті игеріп, дөңгелетіп әкетуге барлық алғышарттар мен мол әлеует бар екенін атап өткен ләзім.

Сонымен, авиациялық емес қызмет дегеніміз не? Авиациядан тыс қызмет – бұл әуежайларға қызмет сапасын көтеріп, қосымша кіріс табуға жол ашатын бейіндік емес коммерциялық қызмет түрі. Ол келесі тармақтардан тұрады:

  • Әуежайға тиесілі ғимараттар мен жерді яки құрал-жабдықты қолдануға жалға беру (мысалға тіркеу орны, билет кассалары мен әкімшілік жайлар).
  • Мейрамханалар мен барлар, дәмханалар және борттық тамақтануды қамту.
  • Баж салығынсыз сауда дүкендері.
  • Авиациялық отын мен май жеткізуге концессия – әуежайдағы авиациялық отын мен майлау материалдарын сату немесе өткізу құқығы.
  • Автотұрақтар
  • Сондай-ақ, өзге де концессиялар мен әуежайдың басқа да коммерциялық қызмет қырлары (автомашиналарды жалға алу төлемі, банк операцияларын жүргізу құқығынан алымдар мен ақша айырбастау, аэровокзалдың маңайды тамашалау алаңдары сынды ерекше қызығушылық тудыратын сәйкес аймақтарға кіреберіс төлемі).

Мәселенки, еуропалық әуежайлардағы орташа кіріс келбеті төмендегідей:

Бүгінгі заман бейнесінен аңғарғанымыздай, экономиканың сан алуан салаларындағы көптеген кәсіпорындарды өз аумағына тарта отырып, әуежайлар коммерциялық қызметорталығына айналуда. Бұл мақсатта авиациядан тыс қызметке ден қою үшін әуежайлар өзінің барлық мүмкіндігін кәдеге жаратуда: терминалдардың сыртқы және ішкі алаңдары.

Әуежайларда қандай қызметтер сұранысқа ие және оларды кім тұтынатынын ұғынуға ыңғайлы болу үшін келесі кестені назарға ұсынамыз:

Соңғы уақыттарда авиациядан тыс кірістер тақырыбы, Солтүстік Каролина университетінің профессоры Джон Касард авторы болып есептелетін, «аэротрополис» тұжырымында қисынды жалғасын тауып отыр. Оның пікірінше, қазіргі заманғы қалалық әуежайлар нағыз шағын қалаларға, «аэротрополистерге» айнала алады. Тұжырым негізі теңіз порттары мен темір жол тораптары дүйім жұрт пен бизнес шоғырланған орталықтар кейпіне енген өткен ғасырлар қойнауынан өрбиді. «Аэротрополис» дегеніміз, ол – барша әлемдегі ірі әуежайлардың жаңаша кескінде қанат жайып, айналасына бизнес саябақтарын, логистикалық және индустриалдық орталықтарды, өнеркәсіп аумақтарын, тораптық бекеттерді және коммуникациялық орталықтарды жинауы, барлық осы инфрақұрылымның кіндік тұсы болуы. Сондықтан отандық әуежайларға да талпына білсе, даму көкжиегі «менмұндалауда».

Оған дәлел, «аэротрополистер» үлгілері дүниежүзінде бой көтеріп үлгерген. Бұл – Техас штатындағы Лас- Колинас, Амстердамдағы «Оңтүстік белдеу» (Zuidas) , Оңтүстік Кореядағы Songdo бизнес ауданы, Панамадағы «Панатрополис». Аталмыш таңғалдырған дәрежеде гүлденген әуежай нысандарының бірі жайлы «SKY Magazine» журналының келесі нөмірінен оқи аласыздар.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Яндекс.Метрика